Қонаев қаласында балабақшадағы бүлдіршіндер эвакуацияланды

Алматы облысының әкімшілік орталығында зілзаладан кейін мектеп оқушылары мен балабақшадағы бүлдіршіндер шұғыл түрде эвакуацияланды, деп хабарлайды 24KZ.

Жер сілкінісі тағы қайталануы мүмкін деп үрейленген ата-аналар балаларын білім беру мекемелерінен алып кетуге мәжбүр болды. Өйткені 4 баллдық дүмпу облыс орталығы Қонаев қаласында да қатты сезілді. Тиісті ведомство басшылары: «Жағдай тұрақты, өңірдегі мектеп, балабақшалар мен мемлекеттік мекемелер штаттық режимде жұмыс істеп жатыр», – дегенді алға тартты. Бірақ тұрғындар бәрібір алаңдаулы. Өйткені мұндай жағдай бұл өңірде бір емес, бірнеше рат қайталанып отыр.

Татьяна Николенко, қала тұрғыны:

- Үйде отырып, тағы жер сілкінгенін сездік. WhatsApp тобымызға балабақшадағы балалар эвакуацияланып жатыр деген хабарлама келді. Бала деген адамның бауыр еті ғой, бәрін тастап осында жедел жеттік. Абырой болғанда, тәрбиешілер балаларды тез арада сыртқа шығарып үлгеріпті. Жер сілкінісі қайталануы мүмкін ғой. Сондықтан баланы балабақшадан алып кету туралы шешім қабылдадық.