Атырау облысында 40-қа жуық ауылды су басуы мүмкін

Атырау өңірінде 40-қа жуық елді мекенді су басу қаупі бар, деп хабарлайды 24KZ.

Солардың бірі – Ойыл өзені бойында орналасқан Миялы ауылы.

Кейінгі екі жылда өзен арнасынан асып, жолды су шайып кеткен еді. Сол себепті жауаптылар биыл көктемгі тасқынға дайындықты ерте бастады. Қызылқоға ауданында жаңа көпірдің құрылысы қарқын алған. 

Дәл осы жерден 7 елді мекенді Миялы ауылымен жалғайтын асфальтты қатарынан екі жыл су шайып кеткен. Тіпті жедел жәрдемнің қайықпен қатынаған күндері болған. Мұндай жағдай қайталанбас үшін көпір құрылысы басталды. Оның ұзындығы 66 метр, ал ені 13 метр болады.

Сергей Каземиров, жоба жетекшісі:

- Көпір су деңгейінен 3 метр биіктікте болады. Егер судың келуі күткен межеден аспаса, жұмыстарды жалғастыра береміз. Ал тасқын  жоғары болса, құрылысты тоқтатып, судың қайтуын күтеміз. Жоба бойынша нысанды маусым немесе шілде айында тапсырамыз.

Қызылқоға ауданы бойынша Ойыл, Сағыз және Ноғайты өзендерін жағалай орналасқан ауылдарда тасқынға қарсы шаралар күшейтілді. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 2 млрд 374 млн теңге бөлінді.

Бақтыбек Төлегенов, Қызылқоға ауданы тж бөлімі бастығының уақытша м. а.:

- Болжам бойынша Ақтөбеде қардың көп болуына байланысты су көп келеді деп ақпарат келіп жатыр. Соған байланысты дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ноғайты, Ойыл өзендерінің жағасын көтеру жұмыстары, сонымен қатар бөгеттердің осал жерлеріне топырақ төгу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Атырау облысы бойныша су басу қаупі жоғары 40-қа жуық елді мекен бар. Көктемгі су тасқынына қарсы 1 мыңнан астам адам, 303 техника, 16 жүзу құралы және 107 мотопомпа дайын тұр. Сонымен қатар адамдарды эвакуациялау бағыттары пысықталып жатыр. 

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов.