Грузияда Наурызға дайындық басталды

Грузияда Наурыз мейрамына қызу дайындық басталды, деп хабарлайды 24KZ.

Тбилисидегі мерекелік шарада отандастырымыз қазақтың ұлттық дәстүрі мен мәдениетін көпшілікке паш етеді. Биыл алғаш рет көктем мерекесін тойлауға әр елдің елшілігінен өкілдер қатысады.

Тблисидегі отандастырымыздың шығармашылық шеберханасында мерекелік көңіл күй орнаған. Наурыз мерекесінің сәнін келтіретін қазақтың түрлі-түсті ою-өрнегі Отанымызды еске түсіреді, – дейді топ жетекшісі.

Гүлнар Утева-Натрадзе, шығармашылық топ жетекшісі:

- Грузиядағы қазақтар болып, биыл Наурыз мейрамына белсенді атсалысуды жөн көрдік. Ертең жәрмеңкеде үлкен шатыр құрылады. Соның ішін безендіру үшін осылай қолдан түрлі бұйым жасап жатырмыз

Биыл Грузиядағы көктем мерекесін Қазақстан елшілігі Әзербайжан, Түркия, Иран және Түрікменстанның Тблисидегі елшілігімен бірлесіп өткізбек. Мерекелік шараға әр елдің қолдан жасалған бұйымдары мен әр ұлттың ұлттық болмысын танытатын түрлі заттар қойылады.

Айсұлу Амандықова, Грузиядағы Қазақстан елшілігі өкілінің жары:

- Бұл – ұлт пен ұлысты біріктіретін айтулы мереке. Наурыз – жаңа жыл, жаңа күннің бастауы. Елден жырақта жүрсек те, өз ұлтымыздың барлық салт-дәстүрін жадымыздан шығармай, соны жаңғыртатын күн. Жыл сайын бұл мерекені асыға күтеміз.

Наурыз кезінде Грузиядағы отандастырымыз жиналып, бас қосуды игі дәстүрге айналдырған. Ұлттық тағамдар әзірлеп, бір-біріне дәм ұсынады.  

Бибінұр Баталова, тұрғын:

- Жыл сайын Наурызды достарымызбен, отбасымызбен қарсы аламыз. Олардың арасында орыс, татар және грузиндер бар. Қазақша ет асып, өзіміздің салт-дәстүрімізді көрсетеміз.

Грузияда Наурыз 2010 жылы Ұлттык мереке болып бекітіліп, содан бері тойланып келе жатқанына 10 жылдан асты. Биыл ел астанасы Тблисиде Наурыз думан ерекше аталып өтпек.

Авторлары: Фариза Жанғанаева, Юлия Тужилкина.