БҚО-дағы Қоржын ауылының тұрғындары көшіріліп жатыр

Күннің күрт жылынуы мен толассыз нөсер салдарынан Жақсыбай өзені тасып, Батыс Қазақстан облысындағы Қоржын ауылы су астында қалды.

Қаратөбе ауданы әкімдігінің хабарлауынша, елдімекендегі 130 үйдің 100-ден астамына су кірген. Кеше төтенше жағдайлар министрлігінің арнайы техникалары тұрғындарды үй-үйден жинады. Ауыл мектебіне түнеп шыққан халықты бүгін таңнан бері тікұшақтар 40 шақырым жердегі аудан орталығына эвакуациялауда. Дәл қазір 400-дей тұрғынның 100-ге жуығы Қаратөбе ауылындағы гимназияның интернатына орналастырылды. Тұрғындар мұндай алапат су тасқыны өңірде бұрын-соңды болмағанын айтады. Су басқан үйлердің жай-күйі мен малдың шығынын арнайы комиссия апаттың беті қайтқан соң анықтамақ. 

Қобыланды Жұмағалиев, ауыл тұрғыны:

- Бұрын-соңды болмаған, осы жасқа дейін көрмеген алапат су келіп, елді мекенді тас-талқан қылды. ТЖМ келіп, оларға да елдің атынан рахмет айтамыз, түнімен халықты қайықпен тасып, сол халқымыз аман. Үйіміз, малымыз бәрі не болып жатқанын білмейміз. Көрген-білген кісілерден естуімізше үй құлады дейді, тып-типыл дейді, енді малды ағып бара жатқан бір мал дейді. Оны енді біліп жатқан жоқпыз. Оны су кеткенде барып түгендегенде барып білінетін болар. 

Арай Айтқалиева, ауыл тұрғыны:

- Осы бірлер шамасында мектеп-гимназия жатақханасына орналастырды. Мүмкіндігі шектеулі анамын. Ауылдағы үйім, қорам, малым бәрі суға кетті Болашақта үй салып беруге болса, көмектеріңіз болса, сондай көмек сұраймын, басқа ештеңе талап етпеймін. Ең бастысы семьям, балаларым аман.