БҚО-да тасқынның зардабы анықталып жатыр

Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында арнайы комиссия құрылып, су тасқынынан келген шығынды есептей бастады.

Өлеңті өзенінің тасуынан екі күн бұрын Жымпиты, Өлеңті және Бұлдырты ауылдарында 216 үйге су кіріп, 1327 адам эвакуацияланған. Қазір құтқарушылар Жетікөл, Шағырлыой және Қособа ауылдарын қызыл судан аман алып қалуға қарекет қылып жатыр. Ауданда төтенше жағдай жарияланды.

Қар, жаңбыр суымен толығатын, жазда тіпті кеуіп, бірнеше жерден бунақталып бөлініп қалатын Өлеңті өзені бұлайша асау мінез танытып, арнасына сыймай кетеді деп биыл ешкім болжамаған. Өзеннің қауіпті деңгейі 490-520 сантиметр саналса, наурыздың 27-28 күндері дария 650 см-ге көтерілді. Жымпиты ауылы тұтас суға кетіп қала жаздаған.

Қайрат Салауатов, Өлеңті ауылының тұрғыны:

- Осында енді 86-дан бері жұмыс жасаймын. Бірақ мынадай көрген жоқпын. Бірақ бұрын үлкен кісілер айтатын еді, мамандар, 57-де ме, 58-де ме, осындай сең жатты деп. Енді 70 жылдан кейін қайталанып тұрған сияқты, Елмен бірдейміз, не істейміз енді.

Саламат Туғанов, Өлеңті ауылының тұрғыны:

- Алдыңғы күні су келді. Келгенде үй құлады, кухня бәрі құлады. Бәрі жарылып кетті, бәрі отырып жатыр.  Үлкен малдар сиырлар аман қалды, бұзау-қой бәрі өліп қалды.

Аудан бойынша су басқан аумақтан 1327 адам эвакуацияланған. Дина Алпысова солардың бірі. Қазір 3 баласымен қонақүйге орналасқан. Өз үйлері тұруға келмейді. 27-і күні түнде тасқын су келіп қалғанда шиеттей бала-шағамен шақ шыққанын, енді барар жері жоқ екенін айтады.

Дина Алпысова, Өлеңті ауылының тұрғыны:

- Екі кішкентай қызым болды. Мынадай столдарға көтеріп қойдым. Балам мен қызым қорқып судан, салқын. Үйдің іші қап-қараңғы. Телефонды суға түсіріп алдым. Балалар қасыма келіп жүгірген кезде қорыққаннан.

«Қазір Өлеңті өзені арнасына түсті. Ақырын ғана ағып жатыр. Жағалаудағы үйдей сеңдер ғана бірнеше күн бұрын болған тасқынды еске салады. Қазір арнайы құрылған комиссия табиғи апаттың зардабын анықтауға кірісті. Суға кеткен мүлік пен өлген малдың есебін шығарған соң, заңға сай көмек беріледі», - дейді аудан басшылары.

Жұмагелді Батырниязов, Сырым ауданының әкімі:

- Аудан бойынша төтенше жағдай жарияланды. Қосымша бүгінгі күні комиссия құрылды зардап шеккендердің шығынын санау бойынша. Олар бірнеше топқа бөлініп, Жымпиты, Бұлдырты, Өлеңті ауылдарындағы шығындарды, зардап шеккендердің мал-мүлкін, дүниесін, тұрғын үйлерін, мал-жанын санау бойынша жұмыстанып жатыр. Бәріне алдын-ала ескертіп жатырмыз, бәрінің құжаттары болу керек, малдар бойынша ИСЖ-да тіркелген. Үйдің мүлкі де.

Аудан бойынша жағдай тұрақталғанымен облыста тасқынның беті қайтты деуге ерте. Деркөл өзені дәл қазір қауіпті деңгейден асып кеткен. Шаған да көтеріліп келеді. Бастауын Ресейден алатын Қараөзен мен Сарыөзеннен де мол су келе жатыр деп ескертеді мамандар.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Е. Меңдіғалиев, Е. Аюпов