Алматы облысындағы бөгеттер нығайтылып жатыр

Алматы облысындағы Ворошилов су қоймасы бөгетінің бір бөлігін кеше су орып кеткенін хабарлаған болатынбыз.

Қоймадан қашқан су Қараой ауылының іргесіндегі көлдерді суға толтырды. Онда түнімен облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамы жұмыс істеді. Облыстағы әскери бөлім қызметкерлері мен ауыл тұрғындары да көмекке келді. Олар таңға дейін бөгетті нығайту жұмыстарын жүргізді. Өйткені Қараой ауылының іргесіндегі көл суға лық толды. Дегенмен, төтеншеліктер ауылдарды су басу дерегі тіркелмегенін және судың транзиттік режимде ағып жатқанын айтты. «Қараой аулындағы көл суы Қаскелең өзені арқылы Қапшағай көліне құйылып жатыр. Енді бір, бір жарым сағат шыдап берсе, қауіп сейіледі», - дейді мамандар.

Ерсін Жағыпаров, облыстық ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы:

- Қазіргі таңда бөгеттірдің барлығын инертті материалдармен бекітіп, қосымша өзен көлдердегі суларды айналмалы арық арқылы ағызу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі кезде елді мекендерге қауіп төніп тұр деп айта алмаймын. Себебі судың деңгейі мөлшерінен түскен жоқ қазіргі уақытта. Айналмалдырма арық жүйесімен ағып жатқан суымыздың мөлшері төмен түскен кезде нақты жауабын айта аламын.

Айсын Айтмұратов, Қараой ауылының тұрғыны:

- Су басып қала ма деген қатер бар еді. Мінеки, ТЖМ, военныйлар келіп, көмектесіп жатыр. Құдайға шүкір, кішкене апаттан қашқан сияқтымыз. Жеңілденіп қалдық. Енді судің деңгейі 1-2 сағатта түсіп қалар деп отырмыз. Халық болып ауызбіршылыкпен бәріміз осында жүрміз.