СҚО-да Түркістаннан 50 құтқарушы келді

Олар тасқын қаупі жоғары Ғабит Мүсірепов, Айыртау, Тайынша және Тимирязев аудандарына жіберіледі.

Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің айтуынша, бұл аймақтарда әлі де қар қалың. Сондықтан оңтүстіктен тартылған мамандар алдын алу, бақылау жұмыстарына жұмылдырылады. Бұған дейін хабарлағанымыздай, өңірде 87 елді мекенді су басуы мүмкін. Синоптиктердің болжамы бойынша, осы аптаның соңына қарай күн күрт жылынады. Сондықтан құтқарушылар сақтық шараларын барынша күшейтіп отыр. Жедел-әрекет ету штабы тәулік бойы жұмыс істейді.

Мұрат Қанғожинов, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

- Кеше Ақмола облысы Алексеевка ауылындағы гидротехникалық нысан толып, Тайынша қаласына қауіп төндірді. Тұрғындар балаларын көшіріп, өздері үйде қалды. Бірақ ағын су бөгетке жетпей тоқтап, қазір сабасына түсті. Басқа елді мекендер аман.