Қарағанды облысында су тасқынының екінші толқыны болуы мүмкін

Бүгін Үкімет басшысының орынбасары су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру және қарғын су жүру кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штаб басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев пен Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов өңірдегі өзен-көлдерді әуеден бақылады.

Нұра мен Осакаров аудандары, Ақтоғай ауданының солтүстігінде қардың көбесі сөгіле қоймаған. Сондықтан төтенше жағдайдың алдын алуға азаматтық қорғаныс қызметінің қосымша сарбаздары мен құрал-жабдықтары жеткізілді. Вице-премьер бұған дейін төтенше жағдай жарияланған Шет ауданында да болды. Мұнда 40 үйді су басқан. 292 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Қазір жағдай тұрақты. Кейбір тұрғындар үйлеріне оралды. Халықпен жүздескен республикалық штаб басшысының орынбасары зардап шеккен адамдарға Үкімет тарапынан барлық көмек көрсетілетінін жеткізді.

Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

- Бәрін қалпына келтіреміз. Сіздің үйіңіз егер апатты жағдайда болса не жаңадан үй салып береміз, не басқа үй сатып әпереміз. Өзіңіз таңдайсыз. Дәл сондай үй сатып алатын боламыз.