Киберқауіпсіздік: Азаматтар ₸80 млрд айырылды

Былтыр қазақстандықтар киберқауіпсіздік ережелерін сақтамауы салдарынан жалпы көлемі 80 млрд теңге қаржысынан айырылды.

Бұл туралы сала сарапшысы Медет Турин айтты. Осыған байланысты отандық IT мамандары халықтың қаржылық сауатын арттыратын бейнероликтер мен ойын форматындағы бірнеше қосымша бағдарламалар шығарып жатыр.

ТМД аумағында 103 мыңнан астам интернет-алаяқ бар. Отандық IT маманы Медет Турин осылай дейді. Ол бастаған команда әккілердің CRM-жүйесіндегі деректер базасын тапқан. Ал Қазақстанда белсенді саналатын мың жарым алаяқтың орта есеппен әр бесінші мүмкіндігі өздері үшін нәтижелі аяқталады екен. Кибершабуыл құрбандарының санын азайту үшін елордада Cyber and Digital Security форум-көрмесі өтіп жатыр. Мұнда ақпараттық қауіпсіздік шараларын сақтауға арналған жобалар таныстырылды.

Медет Турин, киберқауіпсіздік сарапшысы:

- Былтырғы шығынды ескеріп, кибершабуылдың 10 процентіне төтеп бере алсақ, шамамен 8 млрд теңгемізді сақтап қалар едік. Ұсынып жатқан жобамыз азаматтардың небары 15 минут уақытын алар. Бірақ осы аралықта олар өздеріне қажетті 15 сабақ пен пайдалы кеңес алып үлгереді. Кеткен ақшаны қайтару қиын. Сондықтан салдарымен емес, себебімен күресуіміз керек.

Медет Туриннің айтуынша, көбі күдік тудыратын сілтемелерге өтіп қана қоймай, белгісіз онлайн-сауда платформаларына айлығы немесе тұрақты табысы түсетін карточкасын бекітіп қояды. Сайтты хакерлер бұзған жағдайда, жеке деректері мен құпия номерлері көрінгеннің қолында кетеді. Мұның алдын алу үшін ақшаны онлайн депозитте немесе виртуалды карточкада сақтаған жөн.

Медет Турин, киберқауіпсіздік сарапшысы:

- Шалғай ауылдардың өзінде ойын баласынан бастап, еңкейген қарияға дейін әлеуметтік желі мен банк қосымшаларын жиі пайдаланады. Онлайн аударымдар жасайды. Бірақ "жаман айтпай, жақсы жоқ" демекші салдары мен тәуекелдерін ойламайды. Біздің мақсатымыз -  пайдалы ақпаратты қарапайым халыққа қарапайым тілде жеткізу.

Көбіне компьютерлерге зиянды бағдарламалар орнатады. Жалған банктерден немесе басқа провайдерлерден хабарлама келіп, QR-код арқылы өтуді сұрайды. Несиелік карталардың құпия сандарын осылай біліп алады.

Қаныш Ашжанов, ҚР ІІМ КПД аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі:

- Жыл басынан бастап 3 мың 645 қылмыстық іс тіркелді. Бұл нақты интернет-алаяқтық бойынша. Ең көп тараған түрі, бұл онлайн несие, онлайн-сауда, инвестиция және сілтеме. "Фишинг" дейміз ғой енді және полиция немесе банк-қызметкерлері ретінде өздерін таныстыру.

Кибершабуылдан қорғану тетігі әзірге әлсіз. Парламент ақпараттық қауіпсіздікке қатысты заңды күшейтуді көздеп отыр. Енді дербес деректер заңнамасын бұзғандарға әкімшілік айыппұл көлемі 2-3 есе ұлғаюы мүмкін.

Ырысты Жәлілханова, ҚР ЦДИАӨМ ақпараттық қауіпсіздік комитетінің бас сарапшысы:

- Заң шеңберінде дербес деректерді заңсыз таралып кеткені үшін хабарлау, сондай-ақ хакерлер институтын заңнамалық тұрғыда бекіту, дербес деректер қамтылған құжаттардың көшірмелерін жинауға тыйым салу бойынша нормалар қарастырылған болатын.

Бізде хакерлерге қарсы әкімшілік те, қылмыстық та жаза бар. Жеке ақпаратты қолды еткені үшін 1 мың айлық есептік көрсеткіш, яғни 3 млн 692 мың теңге айыппұл қарастырылған. Қылмыстың ауырлығына қарай 2 ден 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағы бар. Әйтсе де компьютердің құлағында ойнайтындарды тұзаққа түсіру оңай болмай тұр.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Мерей Талап