СҚО-дағы Сергеев су қоймасы ернеуінен шыға бастады

Ондағы толқын биіктігі 40 сантиметрге жетіп отыр.

Мамандардың айтуынша, тасыған су жағалаудан әрі аспаған. Сондықтан әзірге қауіп жоқ. Бірақ күн жылыған сайын қауіп күшейіп келеді. Аймақтың оңтүстік-батысында қалыңдығы 10 сантиметр болатын қар жатыр. Ал мұздың қалыңдығы бір жарым метрге жетеді. Соңғы күндері облыс аумағындағы өзен-көлдердің деңгейі де көтеріле бастады. Есіл өзені мен оның сағаларындағы су басу қаупі бар аймақта 30-ға тарта елді мекен орналасқан.

Қымбат Мерғалиева, «Қазгидромет» РМК ОФ директоры:

- Ақмола облысындағы жағдайды бақылап отырмыз. Ол жақта да су деңгейі күрт көтерілді. Осының салдарынан Сергеев су қоймасы лық толып, су қатты қарқынмен келуде. Таңертең байқағанымыздай, толқын биіктігі ернеуден 40 сантиметрге дейін көтеріліп,  су сыртқа аға бастады. Петропавл қаласы мен Шал ақын, Есіл, Қызылжар аудандары Сергеев су қоймасынан төмен орналасқан. 13-14 сәуірге қарай қызыл су облыс орталығына жете бастайды деп жобалап отырмыз.