Газдандыру жұмыстары ширап келеді

Биыл Талдықорған-Үшарал магистралі мен Сарыарқа газ құбырының үшінші кезеңі салынады.

Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы 4 ірі инфрақұрылымдық жоба бастамасының аясында 1 700 шақырым желі жаңғыртылып, 300 мыңнан астам адамды газбен қамтамасыз ету қажеттігін айтты.

Қызылорда облысы тұрғындарының 75 пайызы көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Қазір аймақтағы 230 елді мекеннің 27-ісіне табиғи газ жетті. Жуырда ғана Шиелі ауданының Бестам және Телікөл ауылдарының тұрғындары көгілдір отын тұтынуға мүмкіндік алды.

Балтабай Қошқаров, Бестам ауылының тұрғыны:

- Газ келгеннен кейін отын да қалды, қи да қалды. Балдарымыздың жұмыс істеуіне үлкен демеу, көмек, қамқорлық. Үйдегі қыз-келіндеріміздің қолдары ұзарып, басқа да шығармашылық жұмыстармен айналысуына, бала тәрбиесіне қарауға, өзге тірлік бастауға үлкен мүмкіндік береді.

Өңірдегі 4 қала мен 7 аудан орталығы түгел магистральді газ құбырына қосылған. Ендігі кезек ауылдарда. Ағымдағы жылы 12 елді мекенге газ тартылады.

Бауыржан Ізмағамбетов, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:

- Ағымдағы жылы 20 жобаны жүзеге асыруға 5,3 млрд тг қаржы қаралған. Нәтижесінде жылдың қорытындысымен газдандыру деңгейін 78% дейін жеткіземіз деп күтілуде. Жалпы осы табиғи газға қосылған елді мекендердің санын ұлғайту мақсатында арнайы жол картасы әзірленіп, 90% республикалық бюджеттен 10% жергілікті бюджеттен қажетті жобаларды ұсындық.

Өмір сүру сапасын арттырып, ел экологиясын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік беретін газдандыру жұмысын мемлекет басшысы ұдайы бақылауында ұстап отыр. Президент 2030 жылға дейін елді мекендерді газдандыру көрсеткішін 65 пайызға жеткізуді тапсырды. Энергетика министрлігінің мәліметінше қазіргі күннің өзінде бұл көрсеткіш 60% дан асып отыр. Өткен жылғы статистикаға сүйенсек, елімізде 12 млн адам көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Ал биыл бұл мақсатқа 195 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалмақ.

Береке Ізімберген, ҚР Энергетика министрлігінің басқарма басшысы:

- Бүгінгі таңда бекітілген бюджет бойынша 90 млрд қаржы бөлінген. Бірақ президенттің 3-ші құрылтайда айтылған тапсырмасы бойынша министрлік алдында осы жылға 300 мың халықты газбен қамтамасыз ету межеде тұр. Осыған орай қосымша 105 млрд теңге қаражат бөлінеді. Осы қаражат негізі орталық және оңтүстік өңірлерге бағытталған. Себебі өздеріңіз білесіздер батыс өңірлерде газдандыру деңгейі ертеден жоғары болып табылады.

Қатар инвсеторларының қолдауымен газдандыру бойынша 4 мегажоба жүзеге асады. Олардың бірі – Ақтөбе-Қостанай магистральды газ құбыры. Бұл осы аймақтағы тұрғындарды және өндіріс орындарын газбен қамтуға бағытталған. Сондай-ақ елдің газ ресурстық базасын арттыру мақсатында Қашаған кен орнында екі газ өңдеу зауыты салынатын болады.

Авторлары: Әлішер Әли, Арман Ақшабаев