Құлсары қаласындағы ықшам аудандарды су басып жатыр

Атырау облысы Жылыой ауданында Жем өзенінің деңгейі көтеріліп, елді мекендер мен Құлсары қаласындағы ықшам аудандарды су басып жатыр.

Құрсай өзені де арнасынан асып кеткен. Қазір тұрғындар қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр.

Асланбек Шығыр, тілші:

- Жылыой ауданында жағдай күрделі. Қазір ауданның 40 процентін су басқан. Ал Құлсары қаласының 35 пайызы суға кетті. Тұрғындар қауіпсіз аймаққа көшіріліп жатыр. Ресми ақпаратқа сүйенсек, қазір 500-ден аса тұрғын үй суда қалған.

Бүгін түстен кейін Ұлы Жем өзенінен келген тасқын су 4-ауыл және «Вахташылар қалашығы» ықшам ауданын басты. Ал Құрсай өзегі арнасынан асып, 6-ауыл, 5-ауыл, 2-ауыл ықшам аудандары суға толды. Тұрғындар қауіпсіз аймаққа көшірілді. Ауданда 10 эвакуациялық пункт дайындалған. Жатын орын мен тамақ қарастырылған

Зәмзәгүл Қалбаева, Қарағай ауылының тұрғыны:

- 3 күн ауылдың ер азаматтары бөгет жасап, барынша алып қалуға тырысты. Бірақ аман алып қала алмады. Ауылды су басты.  Сол үшінші күнінде, кеше түнде келдік осы мектепке автобуспен, эвакуациямен. Өз отбасымыздан 8 адам келдік.

Жауаптылар қазір келіп жатқан судың мөлшерін тап басу қиын екенін айтты. Жағдай сағат сайын күрделеніп барады. Аудан басшысының сөзінше Шоқпартоғай, Тұрғызба ауылдарына қауіп жоқ. Десе де сақтықта қорлық жоқ екенін ескеріп, ауыл тұрғындары да бөгеттерін бекітіп жатыр. «Тасқын судан келген шығын өтеледі», - дейді аудан әкімі.

Жұмабек Қаражанов, Жылыой ауданының әкімі:

- Зардап шеккен азаматтарға біз эвакуациялау пункттеріміз бар. Барлығы да біледі. Және автобус, тиісті автокөлік барлығы да ұйымдастырылады. Сонымен қатар тұрғын үйге, басқа да келтірілген шығындарға мемлекет тарапынан барлығы да өтеледі. Соны анықтап айтқым келеді. Себебі тұрғындар тарапынан осы бағытта көптеген сұрақтар келеді.

Жаңа кешке қарай әуеден барлау жұмыстары жүргізілді. Жағдай аудандық штабтың бақылауында, дейді жауаптылар. Қазір тасқынмен күрес жұмыстарына 5 мыңға жуық тұрғын, төтенше жағдай қызметкерлері, 300-ден аса сарбаз жұмылдырылған. Қауіпті деген аймақтарда қызу жұмыс жүріп жатыр.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов