Жайық өзені көтеріле бастады

Өткен тәулікте Атырау облысының Орал өңірімен шектесетін ең шеткі нүктесі Индербор кентіндегі гидробекетте Жайық өзенінің деңгейі 52 сантиметрге көтерілді, деп хабарлайды 24KZ.

Бұл – кейінгі 10 жылдағы ең жоғары көрсеткіш, – дейді Атырау облысының төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабы. Облыс орталығында және Индер, Махамбет аудандарында жаға бекіту жұмыстары жедел қолға алынды. Атырау қаласында 300-ге жуық техника мен 1 мыңға тарта адам күшімен 100 шақырым жағалауды бекіту жүріп жатыр. Оған Атыраудағы барлық ірі компания тартылған.

Жасұлан Бисембиев, облыс әкімінің орынбасары:

- Бүгіннен бастап біз бұл жұмысқа тек қана арнайы құрылыс компаниялары емес, сонымен қатар еріктілерді, мемлекеттік мекемелерді, соның ішінде мектеп, аурухана сияқты әлеуметтік нысандардың ұжымдарын жұмылдырамыз.