Қостанай облысында тасқын судың салдарымен күрес жалғасып жатыр

Қостанай облысында тасқын судың салдарымен күрес жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Бүгінге дейін 9 мыңға жуық адам қауіпсіз жерге көшірілді. 7 мың тоннадан астам инертті материал төселді.

Жасұлан Төлегенов Мичурин ауылына жақында көшіп келген. Іргесін қалап, жаңадан салған үйі су астында қалды. Қазір амал жоқ, баспанасының жағдайын сырттай бақылап жүр.

Жасұлан Төлегенов, облыс тұрғыны:

- Су болса 2 күн болды келгеніне. Қазір осы деңгейде тұр. Үйдің іші бәрі су. Қазір қаладамыз, туыстарда. Сосын осылай келіп, қарап жүреміз. Заттарымыз сонда. Бәрі қалған. Бұлай болады деп ойламадық біз. Су деңгейі түнде тоқтады, қазір азайыпты.

Қостанай қаласының өзінде 275 үй суға кетті. Облыс бойынша 9 мыңға жуық адам эвакуацияланды. Олар үйін көру үшін қайықпен немесе ауыр жүк көліктерімен қатынауға мәжбүр.  

Жұматай Ахметов, қала тұрғыны:

- Күзетіп қарап жүреміз. Патрульде жүрген жігіттер бар. Біз кеткен кезде көшенің бәрі бос қой. Сол көшеде жүреді. Патрульдер бар. Қауіпсіздік үшін бізді мектепке әкелді. Келгенімізге 2 күн болды. Отбасым осында.

Төтеншеліктер тәулік бойы штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Олар қаладан бөлек, 7 ауданда еріген қар суын сору жұмыстарын жүргізіп жатыр. Топырақ үйіп, бөгеттер жасайды.    

Мерей Қанапия, тілші:

- Анау тұрған қапшықтарды көрген шығарсыз. Ол жерге барудың өзі қауіпті. Енді жүргізушіден көмек сұрап, сол жерге апаруын өтіндім. Себебі төтеншеліктер мұндай жағдайда өз бетімен ешқандай әрекет етуге болмайтынын айтады.

Бұл – Тобыл тасымай тұрып салынған бөгет. Оны әп-сәтте су шайып кеткен. Мамандар қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау қажет деп отыр.