БҚО-дағы эвакуациялық пунктте бесікке салу рәсімі өтті

Қиындық пен қуаныш қашан да қатар жүретіні әмбеге аян.

Батыс Қазақстан облысы Ақсай қаласындағы №5 мектепте орналасқан эвакуациялық пунктте жуырда бесікке салу рәсімі өтті. Көктемгі каникул кезінде Атырау қаласынан Бөрлі ауданының Ақсу ауылына 5 баласымен төркіндеп келген келіншек Шыңғырлау өзені тасығанда уақытша паналау орнынан бір-ақ шығады. Ал келесі күні кішкентай Санжар Байтұрсынның қырқынан шығар күні екен. Аудандық білім бөлімінің басшылығы бұл айтулы оқиғаны атаусыз қалдырмай, бесік тойын ұйымдастырады. Барлық сән-салтанатымен өткен рәсімге эвакопункттің өзге де тұрғындары ортақтасты, балалар қазақтың салт-дәстүрінен мол мағлұмат алды. «Бесік тойын бұлай өткіземіз деп, ешқашан ойламап едік», - дейді нәрестенің нағашы әжесі Лариса Тілеуғалиева.

Лариса Тілеуғалиева, Ақсу ауылының тұрғыны:

- Менде ондай ой болмады. Болмағанмен 29-ы барып тұрмыз ғой, 30-ы күні  қырқынан шықты. Енді бәрі сұрамай ма, «мә, мынау кішкентай бала екен,  неше айлық?»-деп. Қызым айтты ертең қырқынан шығады деп. Енді соны естігесін өздері ұйымдастырып тұр ғой. Сондай ұйымшылдықпен өте тамаша өтті.