БҚО-дағы құрғаған көлдер қалпына келмек

Биылғы тасқын судың арқасында Батыс Қазақстан облысындағы құрғаған көлдерді толтыруға мүмкіндік пайда болды.

Мамандардың мәлімдеуінше соңғы екі аптада бастауын Саратов облысынан алатын Қараөзен мен Сарыөзенге 400 миллион текше метр су түскен. Ал Жайық-Көшім суландыру жүйесіне 105 миллион текше метр су келген. Аталған жүйедегі Киров, Бітік су қоймалары қазір транзиттік режимге көшті. Жайық өзенінен Көшім каналына секундына 98 текше метр су кіріп жатыр. Өзен деңгейі көтерілген сайын бұл көрсеткіш те арта түспек. Осы арқылы 2019-2020 жылдары құрғап қалған көлдерді толтыруға, соңғы 30 жылда су бармаған Қамыс-Самар экожүйесіне су жеткізуге мүмкіндік пайда болды, дейді су шаруашылығының өкілдері.

Рауан Құсайынов, «Қазсушар» РМК БҚО филиалының директоры:

- Дөңгелек су қоймасы мен Тайпақ, Фурман каналдарынан көлтабандарды суаруға жіберіп жатырмыз. Қазір судың кіруі күннен-күнге көбейіп жатыр. Лимандарды барлық болғаннан кейін параллельно көлдерге де беретін боламыз. Жаңақала ауданы және Жайық-Көшім жүйесіне жүктелген 18-19 көл бар. 19-20 жылдары ол көлдердің барлығы кеуіп қалған болатын.