Павлодарлықтар СҚО халқына көмек жөнелтті

Бүгін Солтүстік Қазақстан облысына Павлодардан гуманитарлық көмек жөнелтілді.

Оның ішінде азық-түлік, ауыз су, жылы киім, көрпе-жастық, гигиена заттары секілді басты қажеттіліктер бар. Облыс бойынша қабылдау пункттеріне жеке кәсіпкерлер, қоғамдық ұйымдар, қарапайым тұрғындар қажетті заттарды әлі де тапсырып жатыр.  Дәл қазіргі жағдайда сұранысқа ие мотопомпалар, су құятын үлкен ыдыс,  тіпті  күрек-кетпенге дейін әкеп жатқандар бар. Ал ірі өндіріс ошақтары көмекті қаржылай аударыпты. Бұл іске волонтёрлар білек сыбана кіріскен. Өткен аптада Павлодар облысынан су тасқынынан зардап  шеккен өңір тұрғындарына 70 тоннадан астам жүк жөнелтілді.

Ризат Рахымжанов, жастар бастамаларын дамыту орталығының директоры:

- Жиырма тонна гуманитарлық көмек бүгін Солтүстік Қазақстан облысына жеткізіледі. Ертең біз Қостанай қаласына жолға шығамыз. Гуманитарлық көмек жинауға облысымызда 300-ден аса волонтёр жұмылдырылған. Олар барлық қабылдау пункттерінде жұмыс істеп жатыр.