Солтүстік Қазақстан облысында бес ауылды су басты

Арнасынан асқан Есіл өзені Большая Малышка, Вешнёв, Соколов, Якорь және Ольшан елді мекендеріне жайылған.

Есіл өзені Петропавлдан өтіп, бес ауылға жайылды. Солардың бірі – Большая Малышка. Елді мекенде 350-ге жуық үй бар. Қатты ағыс бәрін шайып кеткен. Тұрғындар қауіпсіз жерге түнде көшірілді. Ал кейіберуі тоғайда түнеп қалған. 

Наталья Черникова, Большая Малышка ауылының тұрғыны:

- Су лезде келді. Бірнеше минуттың ішінде ауылға жайылды. Балаларымды қалаға жіберіп, өзім осында қалдым. Жұмысым бар. Одан үйді күзету керек. Орманда осылай от жағып отырмдық.

Ең бастысы – мал-жан аман. Полицейлер, құтқарушылар мен тұрғындар төрт түлікті қырға айдап үлгерген. Қазір мұнда тәртіп сақшылары кезекшілік етіп жүр. 

Әлихан Байқадамов, Қызылжар ауданы ПБ бастығы:

- Тұрғындар уже білген. Негізі дайын болған. Малдарды шығаратын орындар бәрі дайын болды. Кеше су келгенде осында Газельдер бәрі дайын болып, кісілер эвакуационный пунктіге жіберілді.

Вешнёв ауылы да түгел батып кетті. Жүзге жуық адам эвакуацияланды. Қазір елді мекен аралға айналғандай. Соколов, Якорь, Ольшан ауылдарын да су басып жатыр.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Есіл өзені Барневка ауылында басуы мүмкін. Қазір тұрғындар шұғыл түрде көшуге дайындалып, дүние – мүліктерін де тиеп әкетіп жатыр.

Қазір облыс бойынша екі мыңнан астам үйге су жайылды. Қауіпті аймақтардан 10 мың адам көшірілді. Енді көктемгі тасқынның екінші толқыны келе жатыр. Бүгін Тоқсан Би ауылында Есіл өзені тағы да көтерілді. Оған Ақмола облысының Терісаққан, Жабай және Қалқұтан өзендері құяды.   

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов, Қуаныш Қазбеков