Балқаштың болашағы қандай болмақ?

Жер-дүниені су алып жатқанда Балқаш толмай ма? Кейінгі жылдары айдын көлдің тартыла бастағаны анық көрінеді.

Өйткені оған құятын Іле өзеніндегі су көлемі жыл санап кеміп барады, – дейді мамандар. Ал Іле Балқаш суының 80%-ін беріп отыр.

Кейінгі жылдары Балқаш көлінің деңгейі түсіп кетті, – дейді Балқаш қаласының тұрғындары. Солардың бірі – жергілікті табиғат жанашыры Нұрдос Кәрім. Оның айтуынша, көл деңгейі төмендегенін көрер көзге көрініп тұр.

Нұрдос Кәрім, қала тұрғыны:

- Балқаш көлі күннен күнге тартылып бара жатыр. Осыдан 3-4 жыл бұрын мына тұста, мына кемерде жатқан. Қазіргі уақытта, өздеріңіз көріп тұрғандай, 20-25 қадамдай көлдің жағадан ұзап кеткен.

Балқаштың деңгейі өткен ғасырдың 70-ші жылдары төмендеді. Іленің басым бөлігі Қапшағай су қоймасын толтыруға жұмсалды. Ал шаруашылықтар тоқыраған 90-шы жылдары су қайта көбейді. Қазір Балқашқа ірілі-ұсақты ондаған өзен құяды. Бірақ көлдің 80% суын Іле береді. Дегенмен мамандардың айтуынша, кейінгі жылдары Іленің де екпіні кеміп келеді.

Саят Әлімқұлов, «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

- Іле өзенінің суы азайды. Әрине, азаяды. Су алып отырмыз Қытайдан. Егер суға шаруашылық тұрғыдан тиіспеген жағдайда біздің шекараға 14,5-15 текше километр орташа сулы жылы сондай су келуі керек еді. Бірақ қазір орташа сулы жылдары 11,5-ке, тіпті 11-ге түсіп отыр. 3-3,5 текше километрдей, яғни Қытай бөлігінің антропогендік, шаруашылық, экономикалық әсері.

«Қазгидрометтің» дерегіне сүйенсек, қазіргі уақытта көл деңгейі Балтық жүйесі бойынша 341 метрден сәл жоғары. Егер бұдан төмендесе, көлге қауіп төнбек. Ғалымның айтуынша, суды қолдану көлемі осы қарқынмен жалғаса берсе, көл деңгейі таяу жылдары төмендейді. Сондықтан трансшекаралық өзендерді пайдалану жөніндегі келісімдерді жеделдетіп іске асыру қажет.

Саят Әлімқұлов, «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

- Бұл жерде ең үлкен, бізге маңызды нәрсе, маңызды қауіптердің бірі, Қытаймен, Қытайдан келетін судың азаюы. Яғни, Қытай мен Қазақстан Республикасы арасындағы нақты бір суды пайдалану болсын, суды ортақ деңгейде пайдаланып, ортақ экологияны қорғауға бағытталған іс-шараларда ортақ деп аталғанмен ортақтық жоқ қазірге дейін.

Ал суға жауапты министрлік бұл бағытта жұмыс жүріп жатқанын хабарлады және көлдің деңгейін бір межеде ұстап тұру үшін қажетті су ағып келіп жатқанын мәлімдеді.

«Балқаш көлінің экологиялық тұрақтылығы Қытай аумағынан келетін Іле өзеніне тікелей байланысты. Осыған орай, қазіргі таңда Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы трансшекаралық өзендердің суын бөлу жөніндегі келісім жобасын талқылау және келісу барысында екенін хабарлаймыз. Аталған келісім жобасы тараптар арасындағы үш ірі бассейннен құралатын 24 трансшекаралық өзеннің суын бөлуге бағытталған. Іле өзеніндегі Добын гидробекетінде жүргізілген гидрологиялық бақылау деректеріне сәйкес 2020-2023 жылдар аралығында Қазақстан аумағында орташа жылдық су ағыны 13 текше шақырымды құрады», – Данияр Сағадиев, ҚР СРИМ Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры.

Ғалымдар Іленің толуына мұздықтар мен таудағы тоңның пайдасы тиіп отырғанын айтады. Алайда бұл да бір күні сарқылады. 

Саят Әлімқұлов, «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

- Климаттың жылынуымен, әрине, белгілі бір дәрежеде тауда сақталған көпжылдық қорлар суға айналады. Бірақ бұның да қоры шексіз емес қой. Зерттеушілердің айтуынша, бұл аймақтағы, мынау Тәңіртау жүйесінде көпжылдық қорлар қосымша су ретінде, бұлардың шыңы 50-ші, кей аудандарда 60-шы жылдарға дейін деп, тіпті бір аудандарда 70-ші жылдарға дейін деп бағалап жатқандар кездеседі.  

Яғни, таудағы тоңның нәрі әрі кетсе 40 жылға жетуі мүмкін. Қазірдің өзінде там-тұмдап келген су азая берер болса, онсыз да таяз көлдің тартылып қалмасына кім кепіл? Әзіргісі осы, кейін ғайыптан тайып Қытай су қақпасын ашып жібермесе, Көкше теңіздің жағасы алыстай бермек.

Авторы: Нұрқанат Қанапия.