Солтүстіктегі су тасқыны ахуалын барлаушы аппарат бақылап тұр

Солтүстік Қазақстан облысындағы су тасқыны жағдайын бақылау үшін ұшқышсыз басқарылатын барлаушы ұшу аппараты пайдаланылып жатыр.

Одан алынған мәлімет негізінде ахуал әр 2 жарым сағат сайын бағаланады. Сондай-ақ тәулік бойы мониторинг жүргізуге мүмкіндік беретін термовизиялық камерасы бар дрон қолданылуда. Аймақта жылжымалы басқару пункті де жабдықталған. Бұл жайында Мемлекет басшысының облысқа сапары барысында  «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы Ержан Ыбыраев баяндады. Төтенше жағдайдың зардаптарын жою үшін 700 әскери қызметші мен 33 техника жұмылдырылған. Негізгі күш Петропавл қаласының маңындағы аудандар мен Қызылжар ауданына жақын жағалауларды нығайтуға бағытталып отыр. Жалпы 15 шақырымнан астам бөгет салынған. Бүгінде аймаққа 300 тонна гуманитарлық көмек барды. Құтқару жұмыстарына 2 жарым мың ерікті үлес қосуда.