Қобда ауылында жаңа үйлер салынады

Ақтөбе облысының Қобда ауылында су тасқынынан зардап шеккендер үшін 102 жаңа үй салынатын болды.

Қазір жер телімдері анықталып, құрылыс жүргізетін оннан астам компания белгіленді. Олар екі ай ішінде баспаналар тұрғызуы керек. Ал салынатын жаңа үйлердің саны әлі де көбеюі мүмкін. Себебі су басқан нысандардың жағдайын тексеру жалғасып жатыр. Жалпы, ауыл бойынша тасқын салдарынан мүліктің бүлінгені туралы 284 өтініш түскен. Техникалық байқау жүргізу барысында әзірге 102 үйді қалпына келтіру мүмкін еместігі анықталыпты. Айта кетейік, бұған дейін бірнеше ауылдары суда қалған Ойыл ауданында жаңа баспаналар тұрғызу үшін 200 жер телімі белгіленген еді. Алдағы уақытта үйлер Әйтеке би, Темір және Ырғыз аудандарында да салынатын болды.

Ержан Мұздыбаев, облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:

- Қазіргі таңда 80 және 100 шаршы метрлік типтік жобалар қолымызда дайын. Өндіруші зауыттармен көліссөздер жүргізілді. қажетті кірпіштер, блоктастар, барлық зауыттармен алдын ала келісім бар. Қазір бас жоспарға сәйкес, үйлерді әрбір мердігер мекемелерге бөліп береміз.