Қостанай облысында 181 адам эвакуациялық орталықта тұрып жатыр

Қазір Қостанай облысында 180-нен астам адам эвакуациялық пунктте тұрып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Су тасқыны басталған кезде бұл жерде бүгінгіден 3,5 есе көп адам орналастырылған болатын. Қарғын судан Амангелді, Жангелді аудандарының, Арқалық пен Қостанай қаласының тұрғындары үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған. Зардап шеккендер эвакуациялық пунктте баспана мәселесі толық шешілгенше тұра алады. Бағалау комиссиясының қорытындысы шыққан соң тұрғындарға үйлерін жөндеуге немесе қайтадан сатып алуға өтемақы төленеді. Мониторингтік топтың соңғы ақпаратына сүйенсек, 360-тан астам үйдің жағдайы сараланған. 204 үй тұруға жарамсыз деп танылған. Жарамсыз үйлер облыс орталығында да бар. Осы ретте эвакуациялық пунктте орналасқан жандармен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова кездесті. 

Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Комиссия жұмыс істейді. Техникалық аудит табиғи апаттан келген шығынның дәрежесі мен категориясын анықтайды. Сіздің барлық құқығыңыз ескеріліп, шығын өтеледі. Ол үшін сіз сәл сабыр сақтап, күте тұруыңыз керек болады. 

Александра Завертяева, Қостанай қаласының тұрғыны:

- Ас-сумен қамтамасыз етіп, медициналық қызмет көрсетіп жатқаны үшін алғыс айтамын. Үйімді су басып қалды. Төбесіне дейін. Бұлай су басады деп ойламадық. Судың биіктігі 180 сантиметрге дейін жетті. Көмек көрсетеміз деп уәде беріп отыр. Қалай көмектеседі? Өтемақы бере ме? Біздің үйді сүріп тастайтын шығар. Сондықтан көмек көрсетеді деген сенімдеміз. Мүмкіндік болса баспананы өзіміз іздеген жөн еді. Өзімізге сенімді болу үшін.