Тасқыннан зардап шеккендердің несиесі шегеріледі

Тасқыннан зардап шеккендердің несиесін төлеу мерзімі 3 айға шегеріледі, деп хабарлайды 24KZ.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктермен және микроқаржы ұйымдарымен бірлесіп, шағын және орта бизнес субъектілерін қолдау тетіктерін іске асыруға кірісті. Агенттік өкілі Қайрат Тұрымтаевтың айтуынша, несиені төлеу автоматты түрде 1 сәуірден 30 маусымға дейін шегерілді. Зардап шеккен әрбір қарыз алушының жағдайына жеке талдау жүргізеді. Осылайша кредиттер бойынша дербес қолдау көрсетудің қосымша шаралары айқындалады. Бұл да – Мемлекет басшысының қарғын судан зардап шеккендерге көмек көрсету туралы тапсырмасы шеңберінде қолға алынған шара.

Қайрат Тұрымтаев, ҚР ҚНРДА Қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті директорының орынбасары:

- Зардап шеккен азаматтардың кредиттері бойынша су тасқыны салдарының ықпалына байланысты туындаған төлемдердің кешіктірілгені үшін айыппұлдар мен өсімпұлдар кейінге қалады. Зардап шеккен барлық дара кәсіпкерлерге, сондай-ақ су тасқыны шаруашылық қызметтің бұзылуына әкеп соққан шағын және орта бизнес субъектілерінің берген өтініштері ескеріле отырып, кредиттер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру мүмкіндігі берілетін болады.