Ақтөбе облысына 20 тоннадан астам көмек жеткізілген

Төтенше жағдай жарияланғалы бері Ырғызға 20 тоннадан астам гуманитарлық көмек жеткен.

Оның ішінде тұрмысқа қажетті заттар, азық-түлік тіпті ауыз суға дейін бар.

Төтенше жағдайлар басталғалы бері өңірге келетін жәрдем толастаған емес. Берісі іргедегі Шалқардан, арысы Абай облысынан көмек келген. Көптің қолымен жиналған жәрдем эвакуациялық пунктер пен су басқан ауылдарға жеткізіліп жатыр. 

Есет Молыбаев, Ырғыз ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Ауданымызда болып жатқан су тасқынына байланысты бізге жан жақты гуманитарлық көмектер келіп жатыр. Облыс әкімдігінен келді, Атамекен палатасы көршілес Шалқар ауданынан келді. Одан Абай облысынан гуманитарлық келді. Бүгінде 20 тоннаға жуық азық-түлік келді. 

Тосыннан тасыған Торғай өзенінде су деңгейі қалыпты. Десе де қарғын судың қарқын алуын жоққа шығаруға болмас. Қауіптің алдын алу мақсатында Нұра, Мамыр, Белшер, Құйылыс, Жайсаңбай ауылдарынан 900-ге жуық адам аудан орталығына эвакуацияланды. 

Күләш Есмаханова, Нұра ауылының тұрғыны:

- Осы бірінші мектепке келдік. Бәрі жақсы. Тамақ, төсек, бәрі бар. Жалоба жоқ. Мектептің мұғалімдері істеп жатыр тамақты.Жағдайымыз жақсы. Бірақ өз үйіне жетпейді ғой. 

Өңірдегі 4 мектепте эвакуациялық пункт жасақталды. Яғни мыңнан аса адамды емін- еркін орналастыруға болады. Қажеттілік туындаса тағы 2 пункт тұрғындарды қабылдауға дайын.

Нұрлан Қызбергенов, Ырғыз ауданының әкімі:

- Бұл эвакуцаияны жасап жатқан себебіміз халықтың амандығын сақтап, тасқынның алдын-алу халықтың денсаулығын сақтау. Қазіргі уақытта жағдай тұрақты. Екі күннен бері судың деңгейі бір қалыпта ағып жатыр. Бірақ біз оған қарамастан әлі де күшейту жұмыстарын жасап жатырмыз.

Ырғыз ауданында 7 ауылдық округ бар. Ең үлкені Нұра ауылы. Тасқынмен күрес осы елді мекенде болып жатыр. Округтегі 44 үйді су алған. Қазір жағдай тұрақталды. Мал мен жаннан шығын жоқ. Жайсаңбай және Құйылыс ауылдарында да судың деңгейі тұрақты. Дегенмен, 12 техника, 100 ерікті және 70 әскери қызметкер тасқынның алдын алуға жұмылдырылған.

Әлішер Әли, Айнадин Молдабеков