Ақтауда бағдаршамдар ретке келтіріліп жатыр

Қала аумағында осы құралдың көмегімен реттелетін 72 жол қиылысы және жаяу жүргіншілерге арналған 15 өткел бар.

Көлік қозғалысы мен тұрғындардың қауіпсіздігін 800-ден аса бағдаршам қамтамасыз етеді. Қазіргі кезде мердігер мекеме қызметкерлері оларды қайта сырлау жұмыстарын атқарып жүр.  

Техникалық талаптарға сәйкес бағдаршам көлік жүргізуші немесе жаяу жүргінші назарына анық түсетін жерде тұруы тиіс. Жол қиылысындағы қозғалысты реттейтін құралдың әрдайым таза болуы адам өмірі үшін маңызды. Сол себепті мамандар бағдаршамдарды әлсін-әлсін жуып, шаңын сүртіп тұрады. Сыры ұшқандарын қайта сырлайды. 

Жұмабай Жарылғасов, учаске бастығы:

- Осы кезде бағдаршамдардың 90%-і сырланып болды. Енді алты күндік жұмыс қалды. Жылына бір рет сырлаймыз. Қаламызда биыл жаңбыр көп болды. Бір күнде жеті сағаттың ішінде 16 бағдаршамды сырлаймыз, төрт жолдың қиылысында. 12 адам жұмыс істейді, үшеуі жоғары білімді энергетиктер.

Қуаты 24 вольтты бағдаршамдар қазақстандық зауытта жасалған. Олардың тәулік бойы ақаусыз жұмыс істеуі жіті назарда. Бұзылса, жедел түрде жөнделеді. Қазіргі уақытта қалада автомобиль жолдарының сызықтары мен жаяу жүргінші өткелдері қайта сызылып, жаңартылып жатыр. Жалпы аумағы 36 мың шаршы метр болатын жерлерде екі бригада жұмыс істейді.

Жалғас Мейілов, «Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ бас маманы:

- Бұл жұмыстар әр жыл сайын ауа-райының тұрақталып, яғни күн жылынуы орай басталады. Жол таңбаларын жаңарту жұмыстарына арналған арнайы эмаль краскасы қолданылуда. Сонымен қатар, қазіргі таңда мердігер мекеме келісімшарт негізінде жол таңбаларын ұзақ мерзімге шыдамды термопластик материалмен жаңарту бойынша жұмыс жоспары жасақталып, арнайы құрылғылары дайындалуда. 

Ақтау жолдарының жалпы ұзындығы 209 шақырым. 85 пайызы жақсы және қанағаттарлық жағдайда. Тағы бір айта кетерлігі, бұған дейін жол қиылыстарында тұрған бағдаршамдарға жарықпен белгі беретін қосымша шам орнатылды. Соның нәтижесінде, көлік кептелісі біршама азайған.  

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев