Павлодарда жол жөндеу басталды

Биыл мамандар жылдағыдан ерте кірісті, деп хабарлайды 24KZ.

Шұңқырларды бітеп, асфальттың ескі жабынын алып тастайды. Облыс орталығында 14 ұзын көше жаңартылады. Сонымен қатар алғаш рет 28 тротуарды жаңғырту жоспарда бар.  

Қаланың орталық көшелерінде жұмыс қарқын алды. Мердігер мекеменің үздіксіз жұмыс істеп жатқанына бір апта болды. Көлік қозғалысын қиындатпау үшін жұмысты тез аяқтау керек, – дейді олар.

Андрей Авдеенко, оператор:

- Биыл біз жол жөндеуді ерте бастан қолға алдық. Күн жақсы болып тұр. Сондықтан уақытты ұтымды пайдалануға күш саламыз.

Өңірде жауын-шашын мол. Жолшылар әр күнді тиімді пайдалануға тырысады. Жол жабындысы технологияға сәйкес кезеңмен ауыстырылады. Осы айдың соңына дейін көлік жүретін негізгі жолақты аяқтайды. Одан кейін көшелердің айналасын абаттандыруға көшеді

Павел Скворцевой, құрылыс шебері:

- Асфальт төселгеннен кейін біздің ұйымға кепілді жауапкершілік жүктеледі. Егер қандай да бір түйткілдер анықталып жатса, тез арада жоюға тура келеді. Кепілді мерзім – 2 жыл.

Жол жөндеу жұмыстарын жаз басталмай аяқтау жоспарланып отыр. Ұзындығы 27 шақырым жолға асфальт төселеді. Осы маусымда жекеменшік сектор бойынша тағы 9 көше, 22 шақырым тротуар абаттандырылды.

Оразбек Саяхат, қала әкімінің баспасөз қызметінің бас маманы:

- Сонымен қатар биыл Павлодар қаласында мына жаяу жүргіншілердің жолдарын жаңарту, бұрын-соңды тротуар болмаған бөліктерде тротуар төсеу жұмыстары жалғасатын болады. Осы Павлодар қаласында мына тротуарларды жаңарту, жаңғырту жұмыстары 2022 жылы басталған. Сол уақыттан бері қазіргі уақытқа дейін 40 шақырымда тротуар төселді.

Қала көшелеріндегі шұңқырлар бітеліп жатыр. Қыстан кейін жолдарда ойықтар пайда болды. Жөндеу жұмыстарының қазір қызған шағы. Мердігерлер: «жол құрылысын межелеген мерзімде аяқтаймыз», – деп отыр.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков, Дәулет Қошқарбаев.