Елімізде агрессорлармен жұмыс күшейеді

Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты, жаңа заңға сәйкес агрессорлармен жұмыс күшейеді, деп хабарлайды 24KZ.

Енді оларға алкогольді ішімдікті тұтынуға тыйым салынады. Жанжалға бейім жандар психологиялық көмек алып, мәжбүрлі түрде емделеді.

Елде агрессорлармен жұмысты алғаш болып бастағандардың бірі – «Отбасылық табыс орталығы» қоғамдық қоры. Ондағы мамандар халықаралық стандартқа сәйкес білім алып, қазір ішкі істер органдарымен жұмыс істеп жүр. Қор директорының айтуынша, жанұяда жанжал шығаратындардың басым бөлігі – психологиялық көмекке мұқтаж азаматтар.

Роза Бекішева, «Отбасылық табыс орталығы» қоғамдық қорының директоры

- Біз қазір 60 агрессормен жұмыс істеп жатырмыз. Бүгінде олардың 18-і өз еркімен мамандардың көмегіне жүгініп, үнемі кеңес алып отырады. Отбасын сақтап қалудың амалдарын жасап жүр. Ал қалғандары өз психологиялық жағдайын түсінгісі келмейді.

Өткен жылы елдің 5 өңірінде агрессорлармен жұмысты қамтитын пилоттық жоба іске қосылды. Оның аясында әрбіріне жеке бағдарлама қарастырылған. Оларға тиісті көмек беру мақсатында 300-ге жуық маман арнайы білім алды.

Найла Мұхтарова, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары:

- Арнайы әдістеме әзірлеп, елдің 5 өңірінде психологтармен жұмыстар атқардық. Сонымен қатар дағдарыс орталықтарының қызметкерлерін оқытып, біліктілігін арттырдық. Учаскелік полиция мен полицияда жұмыс істеп жатқан әйелдер құқығын қорғау бөлімінің қызметкерлерінің біліктілігін арттырдық. Агрессорлармен жұмыс заң аясында бекітілген.

Қабылданған заң аясында енді агрессорлар медициналық ұйымдарға мәжбүрлі түрде емдеуге жіберіледі. Сондай-ақ оларға жәбірленушімен байланысуға, ұялы телефон арқылы психологиялық қысым көрсетуге және  алкогольді ішімдік пен есірткі тұтынуға тыйым салынады.

Қанат Қоржынбаев, учаскелік полиция инспекторы:

- Көбінесе агрессорлардың агрессивті болуының өзі көп нысанға байланысты. Ол дегеніміз, алкоголизм, наркомания, лудомания деген бар, қаражаттың жетіспеуі. Сондықтан біз бірге жұмыс істейтін қоғамдық қорындағы психологтарды полиция бөліміне шақырамыз. Ол жерде кісінің негізгі проблемасын анықтайды. Оған дұрыс шешім, жол көрсетеді. Содан көп өзгерістер боп жатыр жақсы жағына қарай.

Ішкі істер министрлігінің дерегінше, жыл басынан бері елімізде тұрмыстық жанжалға қатысты 15 мыңнан астам қылмыс тіркелген. Статистика көңіл көшітпейді. Депутаттар: «жаңа заңды әйел мен бала құқығын қорғап қана қоймай, агрессорлардың санын профилактика арқылы азайтуға мүмкіндік береді», – деп отыр.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Біріншіден, бұл заңда кешенді мәселелер қарастырылған. Жауапкершілікті қатаңдату ғана деген жоқ. Оның алдын алу, тиісті көмек көрсету, тиісті орталықтарды құру сияқты профилактикалық мәселелер қарастырылған. Бұл негізі өте маңызды заң болып табылады. Бізде құқықбұзушылыққа мүлде төзбеушілік қалыптастыру үшін өте маңызды.

Жыл басынан бері 34 мыңға жуық қаскөй әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал 27 мыңнан астамына әйелімен байланысуға шектеу қойылды.

Авторлары: Альмира Оразбай, Ырыстанбек Оспанов.