Павлодардағы өзен жағалауы абаттандырылып жатыр

Павлодардың іргесімен ағатын Ертіс өзенінің жағалауы абаттандырылып жатыр.

Былтыр жағалауда бассейн салынса, биыл жаңа сауда алаңы ашылады. Ескі орындықтар ауыстырылып, гүлзарлар мен шағын архитектуралық нысандар пайда болады. Ал субұрқақтар жылдағыдан ерте іске қосылды.     

Павлодарда жаз маусымына әзірлік басталды. Қала халқына музыкалық кештер мен концерттік бағдарламалар ұсынатын «Ертіс Променад» сахнасы алдағы мереке күндері жаңа маусымын ашады. Ал Орталық жағалаудағы ең үлкен субұрқақ биыл жөндеуден өтті.   

Әнуарбек Аманов, қала әкімінің орынбасары:

- Біз субұрқақтарды  кезең - кезеңімен іске қосып жатырмыз. Қазірдің  өзінде алты субұрқақ іске қосылды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады. Сонымен қатар, жағалаудағы баспалдақтар ағымдағы жөндеуден өтіп, гүлзарлар мен көгалдар ретке келтіріледі.

Облыс орталығында саябақтар мен скверлерді жаңғыртуға қалалық бюджеттен 47 миллион теңге бөлінді. Александр Рюмкин  тоқсаныншы жылдары шаһарға басшылық еткен. Ол қаланың ең көрікті жері - Ертіс жағалауын абаттандыруды жалғастыру керек - деген пікірде.    

Александр Рюмкин, облыстың құрметті азаматы:

- Ертіс жағалауын Усолка шағын ауданымен қосу жоспары барын білемін. Бұл меніңше дұрыс шешім. Жергілікті атқарушы билік жағалауды көркейтуге барынша күш салып жатқаны көңілімнен шығады. Бұл ең алдымен тұрғындар  үшін керек.

Биыл Ертіс жағасында жаңа сауда алаңының құрылысы басталды. Енді    демалыс аймағында сауда-саттықпен заңсыз айналысуға жол берілмейді. Ал, бизнес өкілдері үшін кәсіпті дамытуға оңтайлы жағдай жасалады. 

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев