СҚО-да бүлінген мүлікті бағалау басталды

Солтүстік Қазақстан облысы Бескөл ауылында бүлінген мүлікті бағалау басталды, деп хабарлайды 24KZ.

Аудан орталығында 200-ге жуық үйді су басқан. Қазір баспаналарды тәуелсіз сарапшылар аралап, шығын көлемін анықтап жатыр.

Мақпал Жағыпарова зейнетке шыққанға дейін қалада тұрған. 2020 жылы жолдасымен Бескөл ауылында үй салып, көшіп келді. Бірақ көктемгі тасқын оларды да айналып өтпеді. Есілдің суы терезеге дейін көтеріліп, еденді аударып кеткен.

Мақпал Жағыпарова, Бескөл ауылының тұрғыны:

- Мына жерге дейін келеді деп ойлаған жоқпын мен. Алдында бір естігем 2017 жылы келді деп, бұл жерге келген жоқ. Сенбей жүрдім соңына дейін. Тоңазытқыштарымыз өзі құлап қалыпты, судың екпіненен бе немене? Дивандардың бәріне су тиген.

Әзірге ол біржолғы төлемге өтініш берген. Ал бүгін үйіне шығын көлемін анықтайтын маман келді. Әр бөлмені қарап, бүлінген мүлікті бағалау актісін толтырды.  

Мидхат Фасхутдинов, жылжымайтын мүлікті бағалау компаниясының директоры:

- Семипалатный ауылы бойынша қорытынды құжаттар дайын. Шығын көлемі 300 мың мен 1,5 млн теңге аралығында. Қалғаны су кеткеннен кейін есептеледі.

Жалпы Қызылжар ауданы бойынша 1 мың 300-ден астам үйді су басты. Қазір шығын көлемін шұғыл анықтау мақсатында қосымша компаниялар тартылған.

Әзімхан Мерғасымов, Қызылжар аудандық ТЖБ бастығы:

- Қазір бірінші толқынның суы тартылып жатыр. Бірақ Сергеев су қоймасының көтерілуінен Есіл өзені тағы да тасуы мүмкін. Сондықтан тұрғындарға үйге оралу әлі ерте.

Бұл жұмыс Петропавлда да басталды. Облыс орталығында 2 мыңға жуық үйді су басқан. Зардап шеккенде үшін көпқабатты 6 үй салынады. Сонымен қатар қала шетінен 100 жер учаскесі бөлінді.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Бүлінген мүлікті бағалау қорытындысы бір аптаның ішінде дайын болады. Кейін оны аудандық комиссия мүшелері қарап, тұрғындарға өтемақы төленеді. Ал үй тұруға жарамсыз болса, онда техникалық сараптама жасалады.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков.