БҚО-да 1490 отбасыға біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілді

Батыс Қазақстан облысында қарғын судан зардап шеккен 1490 отбасына 547 миллион теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілді, деп хабарлайды 24KZ.

Облыстық бюджеттің резервінен мал шығынын өтеуге 187 миллион теңге қаралды. Өңірде 2343 бас мал өлген еді. Сондай-ақ 1300-ге жуық үйді су басса, соның 1150-нде техникалық тексеріс жүргізілді. 395 үйдің әрі қарай тұруға жарамсыз екені анықталды. Қазір мердігер компаниялар белгіленіп, құрылысқа дайындық басталды. Қажетті қаржы «Қазақстан халқына» қорынан және облыстағы жер қойнауын пайдаланушы ірі компаниялардың есебінен бөлінбек. Келген шығынның нақты мөлшері су тасқыны аяқталған соң белгілі болады.

Тілепберген Қаюпов, БҚО әкімінің орынбасары:

- Қалпына келтіру бойынша жұмыстар басталды. Атап айтқанда, салынатын жаңа тұрғын үйлердің жер учаскелері анықталып, геология және топотүсірілім жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жерде басты мақсат, келесі жылда да осындай су басу аймақтарында төмен орналасқан тұрғын үйлер қайтып шығынға ұшырамас үшін сол елді мекен аймағынан биік жерлер таңдалып, инженерлік желілер тартылатын болады.