БҚО-ға судың 80%-ы Ресейден келеді

Батыс Қазақстан облысына судың 80 пайызы Ресейден келеді.

Трансшекаралық Жайық және Қараөзен арқылы биыл мол су келіп жатыр. Соның арқасында құрғап қалған көл табандары қайта толған.

Судың болғаны малға да, шаруаға да жай. Мал отығып, семіз шықса шаруаның да ұрты майланады. Қысты да қамдай береді. Тасқын бұл шақта қауіп болғанмен, жаз бойы берекесін береді.

Жайық-Көшім суландыру жүйесінде 4 су қоймасы бар. Киров, Бітік, Дөңгелек және Пятимар. Алғашқы екеуі бүгінде транзиттік режимге көшкен. Жайық өзенінен жүйеге секундына 120 текшеметр су түсіп жатыр, жалпы мөлшері 232 миллион текше метр су алынған. Соның арқасында көлтабандарға су шығарылып, құрғап қалған 18 көлге су барған.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Біз қазір Жаңақала ауданындағы Жалтыркөлдің жағасында тұрмыз. Аумағы 2600 гектар, жалпы су сыйымдылығы 76 млн текше метр болатын айдын осыдан 5 жыл бұрын құрғап, шаңы шығып қалған еді. Жағалауындағы тұрғындар малға суды көлікпен тасып, әбден қиналған болатын. Енді міне биыл Жайықпен келген мол судың арқасында көл қайтадан тола бастады. 

Жайықтан кейінгі трансшекаралық ірі дариялар Қараөзен мен Сарыөзен. Казталов, Жаңақала аудандарын тіршілік нәрімен қамтитын қос өзен арқылы биыл 428 миллион текшеметр су келіпті. Сарышығанақ, Айдархан су қоймалары кемеріне келген. Артық су Қамыс-Самар көлдер жүйесіне жіберіліп жатыр. 

Еркебұлан Нәжімғалиев, Айдархан ауылының тұрғыны:

- Көптен келіп тұрған су. 94 жылдан бері көріп тұрғанымыз. Судың келгені халыққа да жақсы, малға да жақсы. Балығымыз келеді, құсымыз келеді. Көлшіктерге түскені мал ұстаған соң шабындыққа пайдалы.

Су бар жерде ну бар. Жалпы Жаңақала ауданында 48 мыңдай көлтабан болса, соның 35 мың гектарына су шығару жоспарланған. Сонда мал азығын дайындаудан еш қиындық болмайды. Ол жұмыстар сәуір айында аяқталуы тиіс. Алайда көптеген каналдар тайыздап кеткен, қақпалары жөндеуді талап етеді. Аудандағы 456 шақырым каналдың 240  шақырымы коммуналдық баланста. Соны «Казсушардың» теңгеріміне беру керек, - дейді мамандар.  

Ербол Тілеуғалиев, "Қазсушар" РМК БҚОФ Жаңақала аудандық учаскесінің басшысы:

- Бізге қиындық туғызып тұрғаны мына коммуналдық меншіктегі каналдарға иесі болмаған соң, ешқандай тазартуға ақша бөле алмай отырмыз. Әкімдіктің балансында. Олар бөле алмай отыр ғой. Қақпалары да шіріп біткен. 75-80 жылдардағы қақпалар, біреуі де ұстамайды. Қақпа жоқ каналдар бар. Солар қиындық туғызады. Сосын қосымша мына қамыс, балдыр өседі, күн ысығанда су жүруі өте қиын болады. 

Сондай-ақ су пайдаланушылардың жауапкершілігі де заңда айқындалмаған. Өз жеріндегі каналды тазаламақ түгілі, суға ақы төлегісі келмейтін шаруа қожалықтары да бар екен. Осының барлығын келешекте Су кодексін қабылдау кезінде ескереміз дейді депутаттар. 

Абзал Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Шаруа қожалықтары суды өз қажетінше бөгеп, өз қажетінше пайдалану деген жағдай жаппай етек алып кетті. Ол үшін Қылмыстық кодексте жауапкершілік бар, бірақ Әкімшілік кодексте жауапкершілікті күшейтуіміз керек. Әрбір шаруа қожалығын қылмыстық жауапкершілікке тартып, соттап жібермейміз ғой. Сондықтан қылмыстық жауапкершілікке дейінгі материалдық-әкімшілік жауапкершілік мәселесін қайта қарастыру керек деп есептеймін. 

Егер Қараөзен мен Сарыөзенге бүгінде жоғарыдан су түсуі тоқтаса, Жайық өзенінің тасуы шарықтау шегіне әлі жеткен жоқ. Мамандар Жайық-Көшім жүйесіне тасқын кезінде 400 млн текше метр су түсетінін айтады.

Е.Жылқайдарұлы, Е. Меңдіғалиев, Е. Аюпов