Құлсарыда бағалау комиссиясы жұмысын бастады

Құлсары қаласында тасқыннан зардап шеккен тұрғын үйлерді бағалау жүріп жатыр.

Тасқын кезінде 3 мыңға тарта баспана мен әлеуметтік нысан суда қалған еді. Қазір судан тазарған ықшам аудандарда сарапшылар үйлерді аралап, келген шығынды есептеуге кірісті.

Қазір бағалау комиссиясы Құлсары қаласындағы «Жадырасын» ықшам ауданындағы тұрғын үйлерді тексеріп, келген шығын көлемін есептеп жатыр. Бұл аумақ судан тазартылып, дезинфекция жұмыстары жүргізілген. Бағалаушылар осылай кезекпен әр ықшам ауданды аралайды. Тұрғындардың комиссиядан үміті көп.

Ақтоты Әбілқайырова, Құлсары қаласының тұрғыны:

- Осы үйіміздің бағасын дұрыстап бағалап берсе қазір енді тұруға келмейді. Жерді сырттан қазып, трещина берген жерлерді қарап, тастарға су кеткен, арасы ылғал екен. Енді осы үйімізді дұрыс бағалап берсе деймін.

Бағалау комиссиясын ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Сарапшылар алдымен үйдің іргетасына, едені мен қабырғасына баса мән береді. Кейін келген шығыны есептелгеннен кейін бағалау комиссиясы шешім шығарады.

Алмат Байдәулетов, бағалау компаниясының атқарушы директоры:

- Бағалауда методика бар, сол бойынша саналады. Но әр үйдің ремонты, строениелері әрқалай, фундаменттері әрқалай, крышалары әрқалай, әрқайсысы индивидуально жасалады. Олардың бәрі бірдей үй емес қой әр үй болғаннан кейін. Бірақ методика бір.

Бағалаушы компания жұмысты 1 айда аяқтайтынын айтады. «Келген шығын көлемі де толық есептеледі», - дейді.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов