Жаңаарқада 9 жыл бұрын су бұзып кеткен тоған жөнделмек

Жаңаарқаның Сәкен ауылында малға жайылым бар, бірақ су аздық етеді, деп хабарлайды 24KZ.

Іргедегі тоғанды 9 жыл бұрын су бұзып кеткен. Содан қайтып жөнделмеді. Мәселені біздің телеарна бірнеше мәрте көтерді. Енді көп ұзамай малға су табылатын болды. Жергілікті атқамінерлер тоғанды жөндеуді қолға алмақ.

Жаңаарқа ауданына қарайтын Сәкен ауылының іргесіндегі тоған 1984 жылы тұрғызылған. 40 жылда әбден тозып, кетеуі кетсе де, бертінге дейін жұрт кәдесіне жарап келді. Алайда «жығылғанға жұдырық» деген. 9 жыл бұрын тоғанды тасқын шайып кетті. Содан бері мұндағы ағайын мал суаратын суға зәру. Ауыл халқы мұңын айтып, талай табалдырықты тоздырды. Бұқараның бұйымтайы жергілікті биліктің құлағына енді жеткендей. Аудан әкімдігі иесіз тоғанның құжатын реттеуді қолға алды.

Мұрат Ибраев, Жаңаарқа ауданы әкімінің орынбасары:

- Ынтымақ ауылдық округіне қарасты Бекім тоғаны бойынша 2013 жылы коммуналдық меншікке алу бойынша аудан әкімінің қаулысы шыққан еді. Қазіргі таңда бұл нысан бойынша құжаттары толықтай әзірленген. Техпаспорт, госакті, барлық құжаттары. Енді тіркеу жұмыстары жүріп жатыр. Тіркеліп болғаннан кейін жаңағы нысанды облыстық су қоймалары басқармасына береді.

Әкім орынбасарының сөзіне сенсек, тоған иесіз болғандықтан, құжаттарын реттеу ұзаққа созылған. Алайда Су ресурстары және ирригация министрлігі өкілінің айтуынша, нысанды коммуналдық балансқа алуға ондаған жыл қажет емес.

Сәкен Әтел, ҚР СРИМ Су шаруашылығы комитетінің басқарма басшысы:

- Азаматтық кодексте 243-бапта жазылған, иесіз нысандар деген. Иесіз нысандар боп табылса, жаңа айтып өткендей, бір жыл есепте тұрады иесіз ретінде. Содан кейін сотқа жүгінеді. Сотпен коммуналдық меншікке қабылданады. Ол жаңағыдай 3-4 жыл немесе 10 жыл деген сөз емес. Ол әкімдіктің жұмысына байланысты. Бір жыл тіркеуде тұрса, 1-2 айдың ішінде сотқа берсе, сол уақытта олар коммуналдық меншікке алады.

Ал Ұлытау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы тоған құжаты қолға тиген бетте іске кіріспек. 

Қуат Имантүсіпов, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

- Шілде айына дейін, мысалға, өткізсе, біз әрі қарай бюджет нақтыланған уақытта, міне, Бекім тоғанының құжаттарын толық рәсімдеп, бізге өткізді, біз әрі қарай жобалық-сметалық құжаттарды жасауға қаржы керек деп бюджеттік сұранысқа енгіздіреміз. Осы шілдеге дейін өткізіп берсе дұрыс еді бізге. Келесі көктемге дейін бәрін жаңағы жобалық-сметалық құжаттамаларын жасап, сараптамадан өткізіп, қаржысын қарастырып алсақ, келесі жылы жасаса да кеш емес.

Қазір облыстық басқарма барлық су нысандарының құжатын түгендеп, балансына алып жатыр. Себебі аудан-қала әкімдіктерінің бұларды бабында ұстауға қаражаты жоқ. Ал Сәкен ауылындағы тоған келесі жылдың жазында қолданысқа берілуі мүмкін.

Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Қанат Махмұтов.