Су басқан аймақтардағы қоғамдық штабтардың жұмысы қызу

Еліміздің су басқан аймақтарында құрылған қоғамдық штабтарда жұмыс қызу.

Заңгер, қаржыгер, білім беру және әлеуметтік сала мамандары зардап шеккен тұрғындарға құқықтық кеңес беріп жатыр. Сонымен қатар олар өтемақы, біржолғы төлем бойынша да құжат жинауға көмектеседі.

Ақтөбелік Дариға Тұқыметтің эвакуациялық пункте тұрып жатқанына бір айға таяп қалды. Наурыз айының соңында үйін су басты. Табиғи апаттан зардап шеккен отбасы дәрігерлер көмегіне жүгінген. Ал қоғамдық штабтан құқықтық кеңес алыды. Үш баланың анасын баспана мәселесі мазалайды. 

Дариға Тұқымет, қала тұрғыны: 

- Енді қазіргі таңда бізге дейтін Аллаға шүкір жатқан жерімізде стандартқа сай жағдайымыз жасалып жатыр. Сұраған көмегіміздің барлығын беріп жатыр. Бізге бастысы - баспана. Ана жерде менің үйім құлап опырылып ортасына түспегенімен ол жерде тұру мүмкін емес. Ішінің барлығы пенопластпен жасалған. Пенопластын алып қарасам үймен бірдей ылғалдылығы. Жердің барлығы, кухняның полы трещина беріп жатыр.

Петропавл

Дәл осындай штаб Солтүстік Қазақстан облысында да құрылды. Оның мүшелері тасқын басталғалы 90 кездесу өткізіп, 5 жарым мың адамға құқықтық көмек берді. Әр жағдайды жеке қарап, тұрғындардың сұрағына жауап берді.

Жанат Мұхамеджанов, қоғамдық штаб мүшесі:

- Жалға алған тұрғындар өтемақыны тек қана бүлінген мүлкі үшін ала алады. Үй үшін ала алмайды. Яғни, жалға тұрып жатқандар ең бірінші берілген 100 АЕК алуға мүмкіндігі жоқ. Тек қана мынау екінші рет мынау 150 АЕК бойынша бүлінген мүліктер бойынша алуға өтініш қабылдайды екен. 

БҚО

Ал Батыс Қазақстан облысында штаб мүшелері тасқыннан зардап шеккен 10-ға жуық адамға жатақханадан орын алып берді. Мектеп жасындағы балалар оқу құралдарымен қамтылды. Қоғам белсенділері күн сайын уақытша паналау орындарын аралап, тұрғындардың өтініштерін түртіп алады. Өңірде 10 қоғамдық штаб жұмыс істейді. Оның 4-еуі Оралда.

София Ізмұхамбетова, қоғамдық штаб жетекшісі:

- Су тасқыны біткеннен кейін жұмыс қалып қоймайды. Себебі енді халықтың қалыпты өмірге оралуына жағдай жасау бар. Енді біздің жұмысымыздың екінші кезеңі басталады. Бізге ескертілді, қоғамдық штаб әзірше жұмысын тоқтатпайды. 4 штаб бар. Әрқайсымызға бекітілген эвакоупнкт бар. Сол жердегі тұрғындардың барлық жағдайы үшін біз бірінші жауап беруіміз керек.

Қазір тасқыннан зардап шеккен адамдар мемлекеттен біржолғы төлем алып жатыр. Ендігі мәселе бүлінген мүлікті бағалап, өтемақы алу. Бұл ретте құжат жинауға қоғамдық штаб мүшелері септеседі. Олар гуманитарлық көмектің де берілуін қадағалайды. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы