Семейде «Қыс-2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу жиыны өтті. Шара барысында азаматтық қорғау қызметтерінің қыс мезгілінде болатын төтенше жағдайларға қарсы дайындығы пысықталды. Оқу жаттығудың сценарийі былтырғы болған төтенше жағдайды қайталағандай. Сол кезде қақаған аязда қаладағы жылу орталықтарының бірінде өрт шығып, бірнеше үй жылусыз қалған. Апатты жоюға бір тәуліктен артық уақыт кеткен. Бұл жолы құтқарушыларға олқылықты шұғыл ретке келтіру міндеті қойылды. Әсет Жолдыбеков, ТЖД апаттарды жою басқармасы бастығының м.а: - Оқу-жаттығу жиынына өрт сөндіру және апаттық құтқару қызметінің бригадалары қатысты. Барлық бөлім тапсырманы мүлтіксіз орындады. Бәрі ойдағыдай өтті. Жарқын Тілебалдин, Семей қалалық ТЖБ бастығының м.а: - Бұл енді оқу-жаттығудың мақсаты қалалық Төтенше жағдайлар және қалалық азаматтық қорғау қызметінің іс қимылдарын пысықтау. Қыс мезгілінде болған төтенше жағдайларға дайын болуын пысықтау болып табылады Жиында төтенше жағдай, оқыс оқиға кезінде шұғыл көмек көрсететін, адамдарды эвакуациялайтын жасақтар сапқа тұрды. Техникалардың әзірлігі тексерілді. Алексей Штыкель, ТЖД бастығының м.а: - Облыс аумағында жүзден астам түрлі арнайы техника қысқа сақадай сай тұр. Жеке құрамда 200-дей адам бар. Біз күн-түн демей жұмыс істейміз. Кез келген төтенше жағдайға әзірміз. Жол талғамайтын техника жеткілікті. Әрине бірінші кезекте әлеуметтік нысандардың қыс маусымына дайындығы басты назарда болады. Жалпы жыл басынан бері өңірде әр түрлі қиын жағдайға тап болған 500-ге тарта адамға көмек көрсетілген. Авторлары: Азамат Қасым, Берік Жобалайұлы