Оқиғалар хроникасы. 9 тамыз

Таразда сотталған адам қашып кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның қашқан сәті бейнабақылау камерасына түсіп қалған. Кадрларда сотталушының әйел адаммен құшақтасып тұрғанын көруге болады. Көзді-ашып жұмғанша ол құбыр арқылы биік қабырғаға өрмелеп лезде көзден таса болады. Тәртіп сақшылары көліктен түскенше із жасырып үлгерген. 26 жастағы жігіт бұған дейін шартты түрде жазасын өтеп келген. Қалалық нөмірі 2-ші сотының үкімімен 2 жыл 10 айға қамаққа алу туралы шешім шыққан екен. Оны қылмыстық атқару жүйесі департаменітінің 158/1 мекемесіне ауыстыру кезінде қашып кетті. Қазір полиция қашқынды таба алмай жатыр.

Өрттен бір адам құтқарылды

Павлодарда көпқабатты тұрғын үй өртеніп, бір адам құтқарылды. Оқиға Қамзин көшесінде болды. От бір бөлмелі пәтерден шығып, тұрмыстық заттар мен жиһаздар өртеніп кетті. Өрт кезінде үйден 37 адам қауіпсіз жерге шығарылды. Оның алтауы – бала. Абырой болғанда қаза тапқандар жоқ. Тек 71 жастағы қария құтқарылып, алғашқы медициналық жәрдем көрсетілді. Қазір үйдің қожайыны анықталып жатыр.

200 келіден астам бекіре тәркіленді

Маңғыстау облысында Қызыл кітапқа енген балықты аулаған күдікті ұсталды. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Түпқараған ауданының 21 жастағы тұрғынының сарайынан 200 келіден астам бекіре тұқымдас балық тәркіленді. Одан бөлек, арнайы мұздатқыш, екі моторлы және қайық, дүрбі, рация табылды. Сондай-ақ мың метрден астам балық аулауға арналған ау анықтылды. Қазір күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр.

Ұрланған көлік иесіне қайтарылды

Ақтауда көлік ұрлаған күдікті қолға түсті. Ол 10-ықшам аудан тұрғынының көлігін үйінің маңына қойған жерінен айдап кеткен. Автокөлігінің қолды болғанын түсінген азамат полицияға хабар береді. Лезде көлік туралы ақпар таратылып, ізін суытпай анықталды. Ұрланған Тойота камри тоқтатылып, жүргізуші ұсталды. Қазір аталған дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.