Алматы облысында оқушылар төбелесінен соң мектеп директоры жұмыстан шеттетілді  

Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданы Рахат саяжайындағы оқушылар төбелесінен кейін мектеп директоры қызметінен уақытша шеттетілді. Сонымен бірге оның тәрбие жөніндегі орынбасары да жұмыстан босатылды.

Оқиға желтоқсанның алтысы күні болған. Оныншы және он бірінші сыныпта оқитын балалар жұдырықтасып, біреуі аурухананың травмотология бөліміне түсті.

Рахат ауылдық округінде мұндай жағдай осымен екінші рет қайталанып отыр. Қарашаның 22-сі күні де жасөспірімдер өзара төбелескен. Кейінгі жағдай бойынша Полиция Департаменті тергеп тексеру амалдарын жүргізіп жатыр.

Ернар Сайділдин, облыстық ПД ресми өкілі:

– Тергеу шеңберінде сот медициналық сараптама тағайындалды. Істі дұрыс шешу үшін қажетті мән жайларды зерттеудің жан-жақтылығына толықтылығы мен объективтілігне бағытталған барлық қажетті тергеу іс әрекеттері жүргізілуде. Сонымен қатар аталған факті бойынша материалдар кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жіберілетін болады.