Түркістанда тыйым салынған материалды әлеуметтік желіге жүктеген күдікті ұсталды

Түркістан облысында экстермистік сипаттағы материалдарды интернет арқылы таратқан адам ұсталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол тыйым салынған материалдарды әлеуметтік желіде «В контакте» және «Телеграм» парақшаларында жариялаған. Нақтырақ айтсақ діни алауыздық белгілері бар бейнероликтер мен мәтіндік хабарламалар орналастырылған. Ал оны істеген Созақ ауданының тұрғыны деструктивті діни ағымның жақтаушысы болып шықты. Оның үйін тінту кезінде ұялы телефондар, заңмен тыйым салынған діни әдебиеттер, ноутбук табылып тәркіленді. Күдікті қамауға алынып тергеу жүріп жатыр. Аталған дерекке қатысты «Терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру» бабы бойынша іс қозғалды.

МАС ЖҮРГІЗУШІ КӨБЕЙДІ

Жамбыл облысында үш күнде 11 мас жүргізуші ұсталды. Сонымен қатар мыңнан астам жол қозғалыс ережесін бұзу дерегі тіркелді. Мәселен жедел алдын алу шарасы кезінде полицейлер елді мекендердің бірінде «Мерседес» автокөлігін тоқтатып тексерген. Тізгіндегі азаматтан ішімдіктің иісі мүңкіп тұрғанын сезіп бірден медициналық талдауға жіберілген. Мамандар оның мас екендігін растап, оған әкімшілік хаттама толтырылды. Енді ол 15 тәулікке қамалып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылды.

ШЕТЕЛ АЗАМАТЫ ДА САУ БОЛМАЙ ШЫҚТЫ

Ал Атырауда мас күйде көлік тізгіндеген Грузия елінің азаматы 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылды. Ол шаһар көшелерінің бірінде ұсталды. Полицейлер күдікті көрінген «Ваз 2115» маркалы автокөлікті тоқтатып тексерген. Жүргізушіден ішімдіктің иісін сезген тәртіп сақшылары бірден медициналық сараптама жасауға алып барады. Талдау кезінде оның масаң күйде болғаны белгілі болды. 

ЕСІРТКІНІ ТАСЫП ТА, САТЫП ТА БАЙЫМАҚШЫ БОЛҒАН

Қарағанды облысында синтетикалық есірткі сатушылар мен оны тасмалдаушылар ұсталды. Жедел алдын алу шарасы кезінде полицейлер қалаға кіреберісте күдікті автокөлікті тоқтатқан. Тексеру кезінде салмағы 100 грамм болатын ұнтақ зат табылып,  тәркіленді. 24 және 28 жастағы екі жігіт есірткі затынның мефедрон екендігін айтқан. Олар есірткіні сатуды көздеген. Сонымен қатар Теміртаудың тұрғыны да есірткімен қолға түсті. Күдіктіден 10 полимер қаптамаға оралған ұнтақ зат тәркіленді және оның 17 жастағы сыбайласы да анықталды. Ол жергілікті колледждердің бірінің студенті екендігі белгілі болды. Ұсталғандардың телефондарын тексеру кезінде қылмысты растайтын есірткіні жасыратын жер туралы мәлімет, түрлі фото суреттер мен әлеуметтік желідегі жазбалар табылды. Қазір аталған деректерге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

ЖЕТІ БАЛАНЫҢ ОБАЛЫ КІМДЕ?

Атырау облысында 7 баланың анасын өлтіру дерегі бойынша іс сотқа жіберілді. Жантүршігерлік оқиға былтыр қараша айында Жылыой ауданы Құлсары қаласында тіркелген еді. Марқұмның денесін тұрғындар тауып алған. 35 жастағы көпбалалы ананы пышақтап кеткен. Ол жедел жәрдем келгенше жан тапсырған. Кісі өлтірді деген күдікпен 25 жастағы жергілікті тұрғын ұсталған болатын. Оның мұндай әрекетке не итермелегені әлі де анықталып жатыр.