Атырауда сегіз пәтер жанып кетті

Өрт түскі сағат 11 шамасында мына үйдің бірінші қабатындағы пәтерден шыққан.  Өрт сөндірушілер келіп, қызыл жалынды өшіргендей болыпты.  Бірақ айналасы 2 сағаттың ішінде өрт  қайта өршіген.

Нұрлықыз Шоқатованың отбасы қазір баспанасыз қалып, ағайынды жағалап жүр. Маңдай терімен қол жеткізген үйінен айырылған ол енді не істерін білмей әбігерге түскен. Болған оқиғаға өрт сөндірушілердің салғырттығы кінәлі,- дейді.

Нұрлықыз Шоқатова, қала тұрғыны:

- Бірінші пожардан кейін іле-шала екінші пожардың болуы да солардың жауапкершілігінің аздығы ма, жұмысты дұрыс жасамағандығы ма, содан деп ойлаймыз. Білмеймін, арғы жағын өздері шеше жатар. Біздің өзіміздің қарапайым халық, міне солардың іс-әрекетінің нәтижесінде, дұрыс істемегенінен бір емес, сегіз үй үйсіз қалып, бәріміз далада, далада жан-жақта қопырап жүрміз.

Сегіз пәтердің тұрғыны әкімдік берген жатақхананың қолайсыз екенін айтады. Оның өзін тек қыркүйек айына дейін ғана беріпті. Ал онда жағдай жоқ. Аптап ыстықта салқындатқыш та жұмыс істемейді екен. Оған қоса қыркүйектен кейін қайда барамыз деген уайым да жоқ емес.

Асқар Серіков, қала тұрғыны:

- Басшыларымыз, әкімдеріміз, барлығы қозғалып, мына 8 үйдің осы материалдық шығынының барлығын өтеп берсе екен деймін. Қазір мынадай аптап ыстықта әр адам әр жерде қаңғып, тентіреп жүр. Мысалы нефтяной столицаның халқымыз ғой. Осы халыққа қарау керек қой үкімет. Қазір қаңғып жүрміз. Ана үйге, мына үйге барамыз.

Гүлмира Аманшиева, қала тұрғыны:

- Жалпы барлық мекемелерден көмек сұраймыз., барлық жағдайымызды жасап берсін деп. Шапшаңдатып, мына крышамызды жауып беріп, кішкене үйімізді ретке келтірсін деп көмек сұраймыз.

Қазір келтірілген шығын есептеліп жатыр. Бірақ бұл үйлердің нақты қашан қалпына келетін әлі белгісіз.

Талғар Хабибуллин, қала әкімі аппараты бөлімінің басшысы:

- Әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы бір жолғы көмек беру қарастырылуда. Тұрғындар өтініш берілген уақытта өздері бір жолғы көмек беріледі. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі, оның зардаптары төтенше жағдай департаментімен анықталуда.

Бұл Гауһартас тұрғын-үй кешеніндегі алғашқы өрт оқиғасы емес. Былтыр дәл осы уақытта осындай бір үй өртеніп, сегіз пәтердің күл қалған еді.  

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин