Түркістан облысында браконьерлер азаймай тұр

Балық инспекциясының мамандары рейдке жиі шығады. Топ құрамындағы полицей күдіктілерді ұстауға көмектеседі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы жолы браконьерлер қолға түспеді. Бірақ, олар қалдырған аулар табылды.

Синтетикалық ауды пайдалануға тыйым салынған. Инспекторлар күн сайын ондаған метрін тәркілеп, жойып отырады.

Мейіржан Өмірәлиев, Арал-Сырдария облысаралық Бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары:

- Қазіргі таңға дейін 172 заңбұзушылық анықталып отыр. Оның ішінде 12-сі өрсекел заңбұзушылық. Тоқпен ұстау немесе үлкен көлемде балыққа зиян келтіргендер. Олар бойынша қазіргі заң аясында сотқа, одан кейін құқыққорғау органдарына өткізу, тиісті процессуалды шешімдер қабылданып жатыр.

Шардара су қоймасының маңында бірнеше елдімекен бар. Мамандардың айтуынша, браконьерлікті жергілікті тұрғындар, яғни, сол ауыл азаматтары кәсіпке айналдырып алған. Бүгінгі күнге дейін заңсыз балық аулағандарға 8 млн. теңге айыппұл салынған.

Бақыт Қожанқұлов, Арал-Сырдария облысаралық Бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының маманы:

- Қорықшылармен рейдтік шара барысында Арнасай дамбысының бойында екі азамат заңсыз балық аулап, гарпунмен, шамамен 100 килограммдай балығымен ұсталды. Оны сол күні Шардара аудандық полиция бөлімшесіне өткіздік.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, браконьерлік деректері көбейген. Өткен жылы аймақта 22 қылмыстық іс қозғалған. Ал осы жылдың жеті айында 18 факті тіркелді.

Талғат Жаппаров, облыстық ПД ЖПҚ Табиғат қорғау тобының аға инспекторы:

- 2022 жылы браконьерлердің 2 тонна 800 келіге жуық балық тәркіленіп алынды. ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабында алынған, көрсетілген балықтың шығыны 100 АЕК-тен асқан жағдайда қылмыстық іс қозғалып, заңды жазасын алады.

Инспекторлар ірі көлемде балық аулағандарға 9 млн. теңге көлемінде айыппұл салынатынын ескертеді. Сонымен қатар 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылған.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Рауль Ғабитов және Қуаныш Әубов