Маңғыстау облысында алты көлік суда қалып қойған

Маңғыстау облысында қатты нөсердің салдарынан 10 адам мен 6 көлік суда қалып қойды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оқиға Түпқараған ауданы Форт-Шевченко қаласынан 68 шақырым жердегі «Көгілдір айлақ» теңіз жағалауында болған. Демалуға барғандардың көлігі нөсерден кейін батып қалған. Оқиға орнына жедел жеткен Ақтау қаласының №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің арнайы техникасымен суда қалып қойғандар шығарылды.

Жолдыбек Бисенбеков, Түпқараған аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы:

– Арнайы техниканың көмегімен 10 адам аталған жерден алып шығарылды. Олардың ішінде екеуі бала. Ақтау қаласына жөнелтілді. Жөнелтілген адамдарға медициналық көмек қажеттілігі жоқ. Сонымен қатар «Көгілдір айлаққа» Сайын Шапағатов ауылдық округі әкімі аппаратының ұйымдастыруымен бір арнайы техника шығарылып, жұмыстар жүргізілді.