Теміртауда жол апатынан екі адам қаза тапты

Теміртауда жол апатынан екі адам қаза тапты

Бүгін Теміртау маңында екі жүк көлігі соқтығысты. Оқиға салдарынан екі ер адам қаза тауып, бір бала ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қайғылы оқиға бүгін күндіз Теміртау – Қызылқой тас жолында болды. Алдын ала мәліметтер бойынша жүк тасығыш көлік қарсы жолаққа шығып, Газ-53 көлігімен соқтығысқан. Соңғысының жолаушысы мен жүргізушісі оқиға орнында қайтыс болды. «1 тамыз күні сағат 12:50 шамасында Бұқар Жырау ауданында «Теміртау қ. – Қызылқой к.» автожолында алдын ала деректер бойынша SHACMAN жүк көлігінің 33 жастағы жүргізушісі рульді басқара алмай, қарсы қозғалыс жолағына шығып, 38 жастағы ГАЗ-53 жүк автомобиль жүргізушісі бетпе-бет соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан ГАЗ-53 жүргізушісі мен онымен бірге кабинада болған 21 жастағы ер адам оқиға орнында көз жұмды», – деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.

Сондай-ақ аталған көліктің жас жолаушысы түрлі жарақаттармен Теміртаудағы медициналық мекемелердің біріне жатқызылды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тиісті сараптамалар тағайындалды.