Өскемен тұрғындары қант сатушы алаяқтарға алданды

Өскемен қаласының 200-ге жуық тұрғыны қант сатушы алаяқтарға алданып қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір олар құқық қорғау органдарына ұжымдық арыз дайындап жатыр. Маржан есімді алаяқтың біріне алданып, сан соғып қалған тұрғындар істі қайта қарауды талап етіп отыр. Олардың айтуынша, бұл іске 5 адамның қатысы бар.

Еске сала кетейік, алаяқтар тұрғындарға арзан бағада қант жеткіземіз деп 120 млн теңгені қалтаға басып тайып тұрған. Тіпті жекелеген сатушылар 4 млн теңгеге дейін ақша аударған. Алаяқтар алдымен тауардың алғашқы партиясын жеткізіпті. Бірақ кейін хабар-ошарсыз кетіп, кәсіпкерлерді шығынға батырған.

Самал Заманбекова, жәбірленуші:

– Біз 100-ден артық адам мына Ажарға аударым жасағанбыз. Каспий арқылы аудардық, наличкамен бергенбіз. Бізде қолымызда барлық айғақ бар. Ажарды, Жанболатты, Қанағатты және Еркеш деген бір бала бар деді. Осы кісілердің бәрін топпен алаяқтар қылып жабу, біздің талабымыз сол.

Татьяна Карпова, облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі:

Ұжымдық арыз толық зерттеледі. Онда дәлелдерді қараймыз. Осы істі тергеу барысында тараптарды кездестіріп, қосымша жауап та алынуы мүмкін.