Көктөбедегі өрт сөндірілді

Бүгін Алматыдағы Көктөбеден де өрт шықты. Қызыл жалын туралы ақпарат Төтенше жағдайлар департаментіне кешкі сағат жетіде түскен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алдын ала болжам бойынша 3 гектар аумақтағы құрғақ шөп жанған. Абырой болғанда зардап шеккен ешкім жоқ. Тілсіз жаумен күреске 130 өрт сөндіруші және 19 техника жұмылдырылды. Өрт кешкі сағат сегізден отыз бес минут өткенде толығымен сөндірілді.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Көктөбеге жақын жердегі Кеңсайда да өрт шығып, сол маңайдағы тұрғындарды әбігерге салған еді. Өрт қаупі ертең де сақталады. Алматы қаласының Құтқару қызметі ертең қалада 35 градусқа дейін ыстық болатыны туралы хабарлама таратты. Жаңбыр жаумағалы да көп болды. Сондықтан Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары тауда от жақпауды ескертеді