Павлодарлықтар рұқсатсыз салынып жатқан 15 қабатты тұрғын үй кешенінің құрылысына қарсы

Заңсыз құрылыс басында тоқтаусыз жұмыс істеп жатқан техниканың дауысынан мезі болған олар үйіміздің қабырғасы күйреп жатыр деп дабыл қақты. Тақырыпты тілшіміз тарқатады. 

Көрші үй тұрғындарынан маза кеткен. Тыныштыққа үйренген адамдар қада қағуды демалыс күндері де тоқтатпайды деп шағымданды. Жұмыстың басталғанына екі апта болған. Бәлкім шуға  үйреніп те кетер ме еді. Бірақ үйлердің қабырғаларында жарық пайда болған.   

Ботагөз Исагилова,  пәтер иелері кооперативінің төрағасы:  

- Міне бүгін осындай жарықтар пайда болды. Терезенің астын қараңыздар. Ол ары қарай үлкейе береді. Дәл осындай жарықтар паркингте де бар.  Мынау біздің паркингтен шығатын жер. Жөндеу жұмыстарын өз қаражатымызға жүргіземіз. Кірпіштері құлап жатыр. 

Нысанның құжатында бұрынғы «Арай» сауда үйінің бұзылатыны жайында ақпарат көрсетіліпті. Ескі ғимаратты құлатқанда, қада қағылмайтыны анық. Мұның басқа құрылыс екені де белгілі. Бірақ ол  арнайы рұқсат құжатынсыз жүзеге асып жатыр. 

Жангелді Шолғынбаев,  қалалық «Сәулет және қала құрылысы» бөлімі басшысының орынбасары: 

- Қалалық әкімдіктің  осы жылдың 4-ші шілдесіндегі қаулысына сәйкес аталған заңды тұлғаға қолданыстағы нысанды кейіннен кәдеге жарату жобасы бекітілген. Бірақ дәл қазіргі құрылыс жұмыстарына рұқсат құжаттары берілген жоқ. Демек құрылысты заңсыз жүргізуге  болмайды.

Жақын күндері құрылыс алаңына  құзырлы органнан өкілдер келіп тексеру жүргізеді. Көпқабатты үйдің тұрғындары ұжым болып шағым жазған. Олар заңсыз құрылысқа тосқауыл болады деп үміттеніп отыр.  

Бұл үйде  қарт адамдар көп тұрады. Мүмкіндігі шектеулі балалар бар. Жедел жәрдем өте алмайды. Пәтер иелері кооперативінің төрағасы Ботагөз Исагилова үйдің қоршауда қалғанына алаңдайды. 

Ботагөз Исагилова,  пәтер иелері кооперативінің төрағасы:  

- Жедел жәрдем, өрт сөндіру техникалары сынды арнайы көліктер бұрын  кіре беретін. Енді міне  айналаны қоршап тастады. Тар өткел  қалдырған.

Қаланың  ортасындағы  құрылыстан    көптеген қолайсыздықтар туындап отыр. Қазір көшенің бір бөлігі жабылған. Жақын жерде орналасқан жедел жәрдем бекетінің жүргізушілері көшені айналып өтуге мәжбүр. Мемлекеттік сәулет –құрылыс бақылау басқармасы динамикалық сынақ жүргізуге рұқсат беріпті. Бірақ оған үш қада қақса жеткілікті екен. 

Дархан Омаров, Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бас маманы: 

- Бүгінгі таңда «Капитал ПВ» ЖШС-не жоспардан тыс тексеру жүргізілетіні жөнінде хабар берілді. Тексеру барысында қандайда бір олқылықтар табылып жатса, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шаралар қолданылады. 

Нысанды жобалаушылар динамикалық сынаққа рұқсат барын алға тартып отыр. Ал құрылысқа жауапты мекеме көпқабатты үй салынатын орынды дайындауға қызу кірісіп кеткен. 

Наталья Сурина, жобалаушы топтың жетекшісі:

- Бұл құрылыс-монтаждау жұмыстары шеңберінде жүріп жатқан  дайындық шаралары. Болашақ нысанның құрылысына  рұқсат алу үшін керекті  құжаттар әзірлену үстінде.

Құрылыс алаңында жұмыс қарқыны артқан. Наталья Сурина қадалардың 80 проценті қағылғанын жеткізді. Ал сарапшылар мұны дайындық емес толыққанды құрылыс –монтаждау жұмыстарына жатқызады. Аймақтық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы тексеруді  бастағанын жария етті. 

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Жеңіс Темірболат