Қарағандыда жол апаты дәрігерлердің өмірін қиды

Қарағандыда жол апаты дәрігерлердің өмірін қиды

Қайғылы оқиға орнындағы бұл суреттер адам жанын түршіктіреді.

Алдын ала болжам бойынша жүйіткіп келе жатқан «МАN» көлігінің сол жақ дөңгелегі жарылып, қарсы беттегі дәрігерлер келе жатқан ескі «ПАЗ» автобусына соғысқан. Салдарынан 8 адам жарақат алды, оның бірі хәл үстінде жатыр. Екі көліктің жүргізушісі және лор-дәрігер Виктория Кенжеханова мен көз дәрігері Бақыт Қыстаубаева жан тапсырды. Оларды әріптестері ісіне адал, өмірге ғашық жандар ретінде еске алады.

Айнаш Иманбек, «Жезқазған медициналық орталығы» жшс аға фельдшері:

- Ол кісілердің біздің қатарда жоқ екеніне сене алмаймыз, сенгім де келмейді. Бүкіл туған туыстары мен бала-шағасына шын көңілмен қайғыларына ортақтасып, ұжым атынан көңіл айтамыз.Ол кісілер иманды болып, жандары жәнатта болсын.

Қайғылы оқиға кезінде автобуста 11 жолаушы болыпты. Дәрігерлердің барлығы  «Жезқазған медициналық орталығының» мамандары. Қайғылы жағдай халықты да үкіметті де бей-жай қалдырған жоқ. Бүгін премьер-министр Әлихан Смайылов үкімет сағатында қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтты. 

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

- Қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Ал зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектеспіз. Премьер-министр кеңсесіне үкіметтің таяудағы отырыстарының бірінің күн тәртібіне жолдағы қауіпсіздік мәселесін енгізуді тапсырамын.

ІІМ  көлік тізгіндегендерге барынша абай болуды ескертті. Себебі соңғы бірнеше күнде жол апатынан бір оқушы көз жұмып , тағы үш оқушы жарақат алған. Ал, Қарағанды облысында өткен аптада "Нива" маркалы автокөлік «Scania» маркалы жүк көлігімен соғысып, 59 жастағы әйел қаза тапқан. Ол Қарқаралы аудандық аурухана директоры болып шықты. Бұл марқұм да саналы ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнаған ақ халатты абзал жан еді.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Зарина Зұлпыхар