Алматы облысында ауыл әкімі Мақсат Жазиев өрт сөндіруші атанды

Өртпен арпалысқан әкім. Алматы облысы, Шеңгелді ауылының әкімі Мақсат Жазиев өрт сөндіруші атанды.Таңертең жұмысына кетіп бара жатқандаауылдасының үйінен қара түтін шыққанын байқайды. Дереу жетіп, жалын шарпыған бөлмеден газ балонын сыртқа алып шығады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жарылыстың алдын алған әкім бұл әрекетін ерлік деп санамайды. Қайта қиын сәтте әр азамат адамгершілік тануты керек дейді.

Оқиға  6 желтоқсанда Ехныч көшесіндегі мына үйде болды. Отағасы Сабит Айтбеков теңертең бала-шағысын мектеп пен балабақшаға апарады. Әйелі жұмысқа кетеді. Сол кезде тоқ сымының қысқа тұйықталуынан шатыр түтінденіп, қабырғадағы жапсырма түсқағаз жанады. Жалын тез тарайды. Көршілер шұғыл әрекет етіп, өртті өшіруге кіріседі. Сол кезде әкім де келеді. 

Мақсат Жазиев, Шеңгелді ауылдық округінің әкімі:

- Газ баллон осы жерде тұр. Мен кіріп келсем алдында бір жігіт келген. Бет әлпетін байқамаппын. Тартып жатыр екен жалғыз өзі. Содан кейін екеуміз екі жағынан ұстадық та жұлып алдық. Жұлып сыртқа шығардық.

Сол күні ақ ауылдың жанашыр, белсенді азаматтары апат салдарын жоюға кіріседі. Өртеніп, бүлінген заттар далаға шығарылып, шатыр қалыпқа келтіреле бастайды. Бөлмелердің қабырғалары әрленіп, сапалы электр сымын тарту жұмысы қолға алынады. Ауылдың өз қайырымдылық қоры бар. Қор тағдыр тауқыметіне душар болған, қиын жағдайға ұшыраған отбасыларға көмектеседі.

Жайырбек Тілепбергенов, «Қарайлас» қоғамдық қорының мүшесі:

- Ауылдың жігіттері ұйымдасып отыр ғой жалпы. Зияны жоқ. Пайдасы, елге пайдасы тиіп жатыр. Көмір, ұнын әпереді. Біреудің жамауын жамап жатырмыз жалпы айтқанда.

Ал, жанұяға уақытша паналайтын баспана табылды. Дегенмен, үйді қалпына келтіру жұмысы белсенді жүріп жатыр. Құрылысшылар он күнде толық жөндеп береміз дейді. Сөйтіп Айтбековтер отбасы жаңа жылды жаңарған үйде қарсы алады.

Мақсат Жазиев, Шеңгелді ауылдық округінің әкімі:

- Елдің бәрі егер көмек беріп жатса тез орнына келтіруге болады ғой әр затты. Бірлік қой. Қарап тұрмау керек біріншіден. Әрекет істеу керек». Құдай бұйырып әрекет істегеннен тез өшіріп тастадық жарты сағатта, үйдің иесі бар, көршілер бар.

Ал, бір-ақ сәтте танымал болған Шеңгелді ауылының әкімі Мақсат Өмірғалиұлын халық сайлаған. Жазда әкімдік қызметіне кіріскен Жазиев «жасайтын шаруа көп, ауылға ауз су тартып, көшелерді жарықтандыруымыз» керек дейді.

Авторлары: А. Садуақас, А. Дүйсембаев