Батыста шомылу маусымы басталғалы алты адам суға кетті

Батыс Қазақстан облысында шомылу маусымы басталғаннан бері  6 адам суға батып кетті.

Аймақта 26 жағажай бар. Оның 8-і коммуналдық мекемеге тиесілі болса, қалғаны жекеменшік. Қазір су айдындарының түбі тазартылған. Облыста балаларды жүзуге үйрететін 35 модульді бассейн жабдықталған. Оның жартысынан көбі қала сыртындағы лагерлерде орналасқан. Алайда бұл аздық етіп тұр. Енді Төтенше жағдайлар департаментінің нұсқамасымен жергілікті әкімдіктер қосымша 19 бассейн орнатуды қолға алады.

Қанат Доспаев, ТЖД бастығының орынбасары:

- Орал қаласында үш адам, Бәйтерек ауданында екі адам, Ақжайық ауданында бір адам суға батып кетті. Барлық жазатайым оқиғалар шомылуға жабдықталмаған жерлерде орын алған. Төтенше жағдайлар департаментінің күштерімен 10 адам құтқарылды. Оның ішінде жетеуі бала. Су айдындарында қауіпсіздік қағидаларын бұзғаны үшін жеке тұлғаларға 12 әкімшілік хаттама толтырылды.