Жетісу облысындағы ауылдарды су басты

ЖЕДЕЛ ЖЕЛІ: 8 (7282)-22-02-13, 22-02-18

Жетісу облысында жауын селдетіп, Ешкіөлмес және Абай ауылдарында 60 үйдің ауласына су жайылды. Көршілес Ақынсара және Көксу ауданындағы Мәмбет ауылында да осындай жағдай. Оқиға орнына облыстық төтенше жағдай департаментінің мамандары мен әскерилерден жасақталған екі жүзге жуық адам жұмылдырылды. Отыздан аса техника жұмыс істеп жатыр. Тұрғындар қауіпсіз жерге шығарылған. Сондай-ақ, Талдықорған-Үштөбе арасындағы жолға су жиналып, көліктердің жүруі қиындады. Жетісу облысы бойынша жедел желі телефоны іске қосылған. Арнайы штаб құрылып, мамандар зиян мөлшерін есептеп жатыр. 

Ойымхан Сүйінбай, Абай ауылының тұрғыны:

- Енді мынандай жауын жауып, су шайып кеткені бірінші рет болып тұр. Төрт жыл болды қыстағанымызға. Шыққанға үлгермей қалдық. Ештеңе керек жоқ шығайық дедім ғой.

Қанат Алтынбеков, облыстық ТЖД бастығының міндетін атқарушы:

- Қазіргі таңда су басылды. Қарабұлақ ауылындағы Шестаков мектебінде эвакуациялық  пункт ашылып, эвакуацияланған халық сонда жеткізілді.  Ескелді ауданында жергілікті төтенше жағдай жарияланады және зардап шеккен халыққа көмек көрсетіледі.