8 айда 182 адам жол апатынан қаза тапқан

Елімізде жол-көлік оқиғасы азаймай тұр.

Басты себеп – жүгенсіз жүргізушілердің жол қауіпсіздігі мен жолда жүру мәдениет сақтамауы, жылдамдықты шамадан тыс асырып, қарсы бетке шығап кетуі, мас халде және ұялы телефонға қарап отырып көлік жүргізуі,-дейді тәртіп сақшылары.

Жолдағы қауіпсіздікті арттыру мақсатында Түркістан облысында «Жолдағы қабылдау» акциясы өтіп жатыр. Өңірдегі ахуал қалай? Жыл басынан бері қанша жол апаты болды?

Түркістан облысындағы жағдай көңіл көншітпейді. Жыл басынан бері облыс аумағында 486 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оның ішінде 609 адам түрлі дене жарақатын алса, 182 адам оқиға орнында қаза тапқан. Көпшілік ай мен күннің аманында адамдардың қынадай қырылуына жауапсыз жүргізушілерді кінәлайды.

30 жылдан бері көлік айдап келе жатқан Айбек Хұдияров қалааралық жолаушы тасымалымен айналысатын шағын автобус жүргізушілерінің жылдамдықты шамадан тыс асырып, адам тағдырымен санаспайтынына алаңдайды.

Айбек Хұдияров, жүргізуші:

- Көшеге шыққан кезде әсіресе жастар жылдамдықты қатты асырады. 6 орындықтылар әсіресе, барлығы жалға алып алған, оларға уақыт маңызды сияқты. Адам өмірі маңызды ғой негізі уақыт емес, ақша емес. Жол ережесін сақтап жүріңдер деп айтамын мен барлығына. Асықпаңыздар деп, өмір маңызды ғой. 

Жолдағы қауіпсіздікті арттырып, қайғылы жағдайдың алдын алу үшін жергілікті әкімдік пен өңірлік ПД бірлесіп, жол апаты жиі болатын орындарда «Жолдағы қабылдау» акциясын өткізе бастады. Жүргізушілерді тоқтатып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Басты мақсат – жол-көлік оқиғаларының алдын алып, адам өмірін сақтап қалу. Тәртіп сақшылары жол апатына тікелей әсер ететін бірнеше себепті атады. 

Асқар Манапов, Ордабасы аудандық ПБ жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары:

- Автокөліктің жүргізушілері үлкен жылдамдықпен жүруіне байланысты жол-көлік оқиғалары орын алып жатады. Көбінесе автокөлікті жасөспірімдер айдайды. Соларды анықтап, айыптұрағына жабамыз. Көбіне құқық бұзушылар таңғы уақытта ұйықтап кетеді, қатты жылдамдықпен қарсы бағытқа шығып кетеді.

«Жолда қабылдау» акциясы өтіп жатқан Ордабасы ауданында жыл басынан бері 27 жол-көлік оқиғасы болып, 15 адам қаза тапқан. Мамандар акция аясында облыстық маңызы бар жолдардың бойына 1 532 дана жаңа жол белгілері мен 30 дана жарықдиодты маркерлер орнатқан. 

Әлмұхаммед Әлиасқарұлы, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы:

- Облыс аумағында 54 жерге қауіпті және елді мекен, мектептердің алдына «Сергек» камералары орнатылды. Одан бөлек оқу жылының басталуына байланысты оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектеп, балабақша алдына жасанды жол кедергілері орнатылды. Бұл іс-шара алдағы уақытта жалғасын табады.

Мамандар «Сергек» камераларының жол апатының алдын алуда пайдасы көп екенін айтады. Соның нәтижесінде республикалық және облыстық маңызы бар жолдарда болатын жол-көлік оқиғаларының саны өткен жылдармен салыстырғанда 41% дейін азайған. Ал Түркістан қаласында былтырдан бері «Қорғау» жүйесі жұмыс істейді.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, «Хабар-24», Түркістан облысы.